Қазақстанда радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы қағидаттар бекітілді

03.06.2026 11:17

Депутаттар өткен кезеңдегі радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу тәртібін де нақтылады

Depositphotos.com

Мәжіліс радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы заңды және оған ілеспе Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс пен бірқатар заңнамалық актілерге енгізілетін түзетулерді екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Мәжіліс депутаттары бастамашы болған құжаттар адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, сондай-ақ қоршаған ортаны радиоактивті қалдықтардың ықтимал зиянды әсерінен сақтауға бағытталған. Негізгі заң радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы қатынастарды мемлекеттік реттеудің құқықтық негізін, мақсатын, міндеттері мен қағидаттарын айқындайды.

Екінші оқылымға дайындық барысында депутаттар Қазақстан Республикасы Үкіметінің, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы уәкілетті органның, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саулығы саласындағы мемлекеттік органның, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының және басқа да қатысушылардың құзыреттерін нақтылайтын түзетулер енгізді.

Сондай-ақ орналастыруды, инженерлік ізденістерді, жобалауды, салуды, пайдалануға беруді, пайдалануды, пайдаланудан шығаруды, сондай-ақ пайдаланудан кейінгі мониторинг пен бақылауды қамтитын «радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу объектісінің пайдаланылу циклі» ұғымы енгізіліп отыр.

Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы қызметті жүзеге асырудың жалпы шарттары, соның ішінде лицензиялық талаптар, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, радиоактивті қалдықтарды есепке алу мен бақылау, персоналды даярлау және басқалары бекітіледі.

Депутаттар өткен кезеңдегі радиоактивті қалдықтармен және ядролық мұра объектілерімен жұмыс істеу тәртібін де нақтылады. Олармен жұмыс істеу қағидаларын бекіту, сондай-ақ мұндай объектілерді анықтау, зерттеу, жай-күйін бағалау, есепке алу, оңалту, жою және консервациялау уәкілетті органға жүктеледі.

Сонымен қатар ұлттық операторға радиоактивті қалдықтарды көму пункттері пайдалану циклінің барлық кезеңдерімен байланысты қызметті жүзеге асыруға, Қазақстан аумағында радиоактивті қалдықтарды көму жұмысын атқаруға, мемлекет меншігіндегі немесе мемлекеттік меншікке берілуге тиіс ядролық мұра объектілерін жоюға және консервациялауға, уран өндіру мен өңдеу салдарларын жоюға, сондай-ақ осындай қызмет нәтижесінде радиоактивті материалдармен ластанған объектілер мен құрылыстарды консервациялауға ерекше құқықтар берілді.

Бұл ретте радиоактивті қалдықтарды түзушілер олармен қауіпсіз жұмыс істеуді қаржыландыруды, қалдықтарды ұлттық операторға беруге дайындауды және оларды бергенге дейін қауіпсіздігін қамтамасыз етуді міндетті.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда омарталардың ветеринариялық паспорты енгізіледі