Қазақстанда сейсмикалық қауіп-қатерді азайтуға бағытталған құрылыс талаптары енгізіледі

22.01.2026 10:57

Құрылыстың барлық кезеңінде сейсмикалық қауіп пен тәуекел деңгейі бағаланатын болады

Аlmaty.tv

Қазақстан Республикасында сейсмикалық қауіпсіздікті арттыру мақсатында құрылыс саласына қатысты жаңа талаптар бекітілмек. Бұл шаралар жер сілкінісі қаупі жоғары аймақтардағы тұрғындар мен инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің хабарлауынша, жаңа талаптарға сәйкес, ғимараттарды жобалау барысында сейсмооқшаулаушы жүйелерді қолдану міндеттеледі.

Сонымен қатар құрылыс жүргізудің барлық кезеңінде сейсмикалық қауіп пен тәуекел деңгейі бағаланатын болады.

Сейсмикалық төзімділікті арттыру үшін конструктивтік жүйелерге міндетті сынақтар енгізіледі. Ал сейсмикалық қауіпті өңірлердегі тұрғын үй және қоғамдық ғимараттар арнайы паспорттаудан өтеді.

Бұдан бөлек, I деңгейдегі жауапкершілікке жататын нысандарға инженерлік-сейсмометриялық станциялар орнатылады. Бұл жер сілкіністерін жедел тіркеуге және оның ықтимал салдарын алдын ала болжауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ құрылыс салуға арналған алаңдарды таңдау кезінде сейсмикалық факторлар мен сейсмикалық микробөліктеу деректері міндетті түрде ескерілмек.

Мамандардың айтуынша, аталған талаптар елдегі сейсмикалық қауіп-қатерлерді төмендетіп, тұрғындардың өмірі мен мүлкінің қауіпсіздігін күшейтуге септігін тигізеді.

Оқи отырыңыз: Атаулы әлеуметтік көмек: қосымша төлемдер кімдерге берілді