Қазақстанда шетелдік студенттер саны 41 мыңға жетті

19.11.2026 14:06

Бұл туралы Президент ІІІ Стратегиялық серіктестер форумында мәлімдеді

Ақорда

Қазақстанда шетелдік студенттер саны бір жыл ішінде 31 мыңнан 41 мыңға дейін өсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға қарай олардың санын 100 мыңға жеткізу жоспарланып отырғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бұл туралы Президент ІІІ Стратегиялық серіктестер форумында мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір елімізде 132 университет жұмыс істейді. Онда 800 мыңнан астам студент білім алады.

«Былтыр елімізде басқа мемлекеттерден келген 31 мың студент оқып жатқанын айтқан едім. Қазір олардың саны 41 мыңға жетті. Соның ішінде 8 мыңнан астам студент Қазақстанның қаржылай қолдауымен білім алуда. Бұл – Тәуелсіздік жылдары ішіндегі ең жоғары көрсеткіш», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай Қазақстанға 100 мың шетелдік студент тарту көзделіп отырғанын атап өтті. Бұл міндетті жүзеге асыруда «Қазақстанда білім ал!» ұлттық бастамасына маңызды рөл жүктеледі.

Президенттің айтуынша, соңғы жеті жылда Үкімет білім беру гранттарына бөлетін қаржы көлемін екі есе арттырып, 3,4 миллиард долларға жеткізген. Сонымен қатар студенттерге арналған 281 жатақхана салынған.

Қазір Қазақстанда 11 мемлекеттің жетекші университеттерінің филиалдары жұмыс істейді. Бұл оқу орындарында 12 мыңнан астам студент білім алып, 1,5 мыңға жуық оқытушы қызмет етеді. Олардың қатарында шетелден келген 600-ден астам профессор бар.

Сондай-ақ Қазақстанда жоғары білім беру жүйесіндегі халықаралық ынтымақтастық туралы 40 келісім жүзеге асырылып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің стратегиялық мақсаты – Қазақстанды Орталық Азиядағы академиялық хабқа айналдыру екенін айтты. Ол үшін халықаралық академиялық серіктестікті нығайтып, білім беру мен ғылыми-инновациялық инфрақұрылымды дамыту жалғасады.

Оқи отырыңыз: Президент «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында қандай нысандар салынатынын айтты

Толық көрсету