Қазақстанда спутник арқылы мобильді байланыс іске қосылды

Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі
Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Жаңа технология үйлесімді смартфондарды спутниктерге тікелей қосуға мүмкіндік береді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда жерүсті мобильді желісі жоқ аймақтарда байланыс орнатуға мүмкіндік беретін Direct to Cell технологиясы іске қосылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жаңа технология үйлесімді смартфондарды спутниктерге тікелей қосуға мүмкіндік береді. Ол үшін арнайы спутниктік телефон, сыртқы антенна немесе қосымша құрылғы қажет емес.

Қызмет жерүсті мобильді байланыс қамту аймағынан тыс жерде хабарламалар жіберу және қабылдау, сондай-ақ базалық интернет-сервистерді пайдалану мүмкіндігін береді. Қосылу спутникпен байланыс орнатуға қажетті жағдайлар болған кезде жүзеге асады.

Спутниктік мобильді байланыс шалғай аудандарда, таулы жерлерде және қала сыртындағы жолдарда байланыс мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. Сондай-ақ жерүсті байланыс инфрақұрылымы қолжетімсіз немесе зақымданған жағдайда қосымша байланыс арнасы ретінде пайдаланылуы мүмкін.

Қызметті пайдалану үшін қазіргі кезеңде Android операциялық жүйесінде жұмыс істейтін үйлесімді смартфон қажет. Алдағы уақытта қолдау көрсетілетін құрылғылар мен операциялық жүйелер қатарын кеңейту жоспарланған.

Қосылу үшін смартфондағы қажетті параметрлерді іске қосып, жерүсті желісі болмаған жағдайда спутниктік желіні таңдауға болады. Кейбір құрылғыларда спутниктік желі 401 04 ретінде көрсетілуі мүмкін.

Технологияны енгізу Қазақстанның шалғай және жетуі қиын аумақтарында байланыс қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Алматыда сел қаупі бар учаскелерде зақымдану анықталған жоқ