Келес тұрғындары қираған көпірдің азабын тартып отыр
Олар амалсыз мал өткізуге арналған айналма өткелмен қатынап жүр
Түркістан облысындағы опырылған көпір әлі жөнделген жоқ. Өткен жылдың желтоқсанда қирап қалған өткелдің қиыншылығын Келес ауданының тұрғындары көріп отыр. Жұрт ауданға бару үшін алыстағы айналма жолмен жүруге мәжбүр. Оның да сапасы сын көтермей тұр, - дейді жергілікті жұрт. Қара жол күзгі жауын-шашын мен қыстағы қарда жүруге жарамай қалады екен, деп хабарлайды Almaty.tv.
Келестегі бұл орталық көпір өткен желтоқсан айында опырылып түскен. Абырой болғанда, сол сәтте өткел үстінде көлік болмапты. Содан бері мәселе шешілмей, қираған көпір сол күйінде жатыр. Тұрғындар болса, амалсыз мал өткізуге арналған айналма өткелмен қатынап жүр. Бірақ оның өзі көлік жүрген кезде шайқалады екен.
"Мынаны көріп тұрсыз ғой, жол жаман, шаң қылып кетеді. Ел жиналып, су шашамыз, ел қиналып жатыр. Оңай болып жатқан жоқ. Көпір басталғанда білмеймін қашан басталатынын. 4 ай деген. 4 ай өтіп кетті. жыл өтіп кетті. Енді қыста қайта айналамыз ана жақтан 40 километр. Ол халықтың қалтасына ауыр түседі ол. Жол бағасы көтеріледі. Қазір жанармай да қымбаттап кеткен", - деп шағымданды Қошқар ата ауылының тұрғыны Мұхит Орманов.
Көпірдің қирауы әсіресе оқушыларға ауыр тиіп отыр. Өзеннің арғы бетіндегі мектепке бұрын 10 минутта жететін балалар қазір жарты сағат дегенде әзер жетеді екен. Енді жаңбыр жауса, айналма жол батпақ болып, жұрт әбден титықтайын деп тұр.
БЛИЦ:
"Қазіргі таңда қызыл көпірге бәріміз қарап тұрмыз енді. Кептеліс болып қалады. Жанжал болып қалады. Қыс ауасы келіп жатыр қазір. Жақында лай болады, тайып кету жағдайы болады".
"Жаман опасный, балалармен өтеміз. Сол қыстан қорқамыз біз. Қыста тайып кетеміз. Анау жерден көріп жатырсыз ғой, подьемнан қатты тайып кетуіміз мүмкін".
"Ал жергілікті билік қираған көпірдің орнына жаңа өткел салу жұмыстары қазан айында басталатынын жеткізді. Оған тиісті қаражат қаралып та қойған екен".
“Қазіргі таңда облыстық бюджеттен 100 миллион теңге қаржы қаралды, мердігер мекеме "ЖБИ-С" ЖШС анықталып, келісімшарт рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап құрылыс жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз”, - деп түсіндірді Түркістан облысы жолаушылар көлігі автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Мықтыбек Кәдір.
Айта кетейік, Келестегі өткелдің салынғанына жарты ғасырға жуықтаған. Бірнеше рет жөнделген ескі көпір былтыр ақыры шыдас бермей, опырылып түскен. Содан бері айналма жолдың азабын көрген тұрғындар уәденің орындалып, жаңа өткелдің құрылысы тезірек басталса дейді.
Лаура Бабас - Almaty TV телеарнасы - Түркістан облысы.
Читайте также: Қазақстанда спутник арқылы мобильді байланыс іске қосылды