Қазақстанда туберкулезге шалдыққандар саны қанша пайызға төмендеді

26.11.2025 21:41

2025 жылы туберкулезге қарсы іс-шаралардың тиімділігін бағалау үшін 2 мыңнан астам тексеру жүргізілген

Аlmaty.tv

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен өткен алқа мәжілісінде туберкулезбен күрес бойынша жаңа деректер мен шаралар ұсынылды. Биылғы 9 айда тыныс алу ағзаларының туберкулезімен сырқаттанушылық 10,8%-ға азайған, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Ведомтвоның баспасөз қызметінен хабарлағандай, ерте анықтауды күшейту үшін алғаш рет ЖЫБНК қызметкерлеріне бонустық жүйе енгізілді. Туберкулез бен онкологиялық ауруды анықтаған медицина қызметкерлері 5 АЕК-ке дейін бонус алады. Бір тоқсанда бұл төлемдер 2 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл ынталандыру мамандарды ауруды ерте кезеңде анықтауға бағытталған.

Профилактика басым бағыт болып қала береді. Ел бойынша фтизиопульмонология орталықтарында 81 мыңнан астам байланыста болған адам есепте тұр. Жоғары қауіп тобын флюорографиядан өткізу жоспары 97,5%, міндетті контингентті тексеру жоспары 96,3% орындалды. Республикада 26 фтизиопульмонология орталығы, 2169 қақырық жинау пункті және 3523 төсек орны жұмыс істейді.

2025 жылы туберкулезге қарсы іс-шаралардың тиімділігін бағалау үшін 2233 тексеру жүргізілген.

Ақмарал Әлназарова сырқаттанушылықты одан әрі төмендету профилактиканы күшейту, қызметті жаңғырту және қаржыландыруды жетілдіру арқылы жүзеге асатынын айтты.

Министрдің тапсырмалары:

  • қаржыландыруды қайта қарап, ерте анықтауға басымдық беру;

  • Ұлттық ғылыми орталық пен бөлімшелердің жұмысын талдап, 2026–2028 жылдарға арналған Жол картасын әзірлеу;

  • өңірлерге профилактикалық жұмыстардың орындалуын қатаң бақылауда ұстау.

Министрлік диагноз қою мен ем сапасын арттыру үшін туберкулезді бақылау жүйесін күшейтуді жалғастырады.

Оқи отырыңыз: Еліміздегі стоматологияларды тексеру жоспарда жоқ - ДСМ