2026 жылғы қаңтарда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны өткен жылмен салыстырғанда біршама азайған
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы қаңтар айында Қазақстанда тұрғын үйді алып-сату бойынша 27 745 мәміле тіркелген. Оның 6 020-сы – жеке тұрғын үйлер, ал 21 725-і – көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша жасалған, деп хабарлайды Almaty.tv.
2025 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 47,8%-ға азайған. Өткен айда бұл көрсеткіш 53 128 мәмілені құраған еді.
Мәмілелер саны бойынша Астана қаласы көш бастап тұр – 5 375 мәміле (жалпы санының 19,4%). Одан кейін Алматы қаласы – 5 191 мәміле (18,7%) және Қарағанды облысы – 2 241 мәміле (8,1%). Ал ең аз мәміле Ұлытау облысында тіркелген – бар болғаны 283 мәміле (1,0%).
2025 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 2026 жылдың қаңтар айында барлық өңірде мәмілелер саны төмендеген. Ең жоғары төмендеу Павлодар облысында (-68,1%), Абай облысында (-64,0%) және Солтүстік Қазақстан облысында (-57,3%) байқалды.
Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй бойынша мәмілелер саны да айтарлықтай азайған. Бұл сегментте көрсеткіш 47,2%-ға төмендеп, 19 452 мәмілеге кеміді. Қаңтар айында пәтерлер бойынша барлығы 21 725 мәміле жасалған, бұл жалпы мәмілелердің 78,3%-ын құрайды.
"Пәтерлер нарығындағы негізгі үлес Астана (24,3%) мен Алматы (21,9%) қалаларына және Қарағанды облысына (8,8%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 1 бөлмелі пәтерлер ең көп сатылған – 8 247 мәміле тіркелген", - делінген бюро хабарламасында.
Жеке тұрғын үйлер бойынша да мәмілелер саны 49,6%-ға азайған. Қаңтар айында бұл сегментте барлығы 6 020 мәміле жасалған. Жеке үйлер нарығындағы төмендеу еліміздің барлық өңірінде байқалады. Ең жоғары құлдырау Абай (-65,7%), Ақтөбе (-63,8%) және Батыс Қазақстан (-60,6%) облыстарында тіркелді.
Жалпы алғанда, 2026 жылғы қаңтарда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны өткен жылдың осы айымен салыстырғанда 10,3%-ға азайған. 2025 жылғы қаңтарда 30 917 мәміле рәсімделген болатын. Жылдық көрсеткіш бойынша ең жоғары өсім Шымкент қаласында (+32,2%) байқалса, ең үлкен төмендеу Батыс Қазақстан облысында (-32,4%) тіркелді.
Оқи отырыңыз: Алматыда тергеу органдары мен медицина сарапшыларының өзара іс-қимылы талқыланды