Қазақстанда Түркі өркениеті орталығы құрылады

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Сондай-ақ Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің IT хабтарының бірлескен орталығын ашу ұсынылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістандағы Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің IT хабтарының бірлескен орталығын ашуды ұсынды, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Төртінші мәселе. Қазір әрбір елде IT-жобаларға арналған технопарктер бар. Мен Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің IT хабтарының бірлескен орталығын ашуды ұсынамын. Орталыққа «Turkic ai» атауын беріп, оны Alem.ai орталығында орналастыруға болады. Бірлескен хаб ортақ мүдделерімізді ілгерілетуге ықпал етері сөзсіз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сондай-ақ жасанды интеллект пен озық технология дәуірінде рухани және мәдени құндылықтарды назардан тыс қалдырмау қажет екенін тілге тиек етті.

«Түркі өркениетінің мол мұрасын сақтау және оны зерделеу – тарихи жадыны жаңғырту мәселесі ғана емес. Бұл – біздің бірегей болмысымызды, бірлігімізді және ынтымақтастығымызды көрсететін маңызды фактор.   Осы орайда мен Түркі өркениетінің мұрасын сақтау жөніндегі конвенция жобасын пысықтау туралы ұсынысты қолдауға шақырамын. Бұл құжат түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын сақтау және дәріптеу ісіне құқықтық негіз болады. Сондай-ақ ЮНЕСКО-ның осы саладағы қызмет аясын кеңейте түсуге ықпал етеді», - деді ол.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жасанды интеллект негізінде түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне қатысты материалдарды жинақтайтын арнайы цифрлық платформа құру жөніндегі жұмысты жандандыру қажет екеніне тоқталды.

Оның айтуынша, бұл жоба көптілді форматта жасалуға тиіс. Сонда кез келген адам онлайн режимде түркі өркениетінің мол мұрасымен танысып, оны зерделей алады. Қазақстан бұл бастамалар бойынша жан-жақты цифрлық шешімдер ұсынуға дайын.

Мемлекет басшысы Түркі өркениеті орталығы ғылыми зерттеу жүргізумен, мәдени жобаларды және білім беру бағдарламаларын іске асырумен айналысатынын айтты.

«Жетінші міндет. Түркі мемлекеттерінің тарихи және мәдени мұрасын сақтау және оны болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыру – баршамызға ортақ міндет, парыз деп айтуға болады. Сол себепті мен Түркістан қаласының руханиятымыздағы рөлін ескеріп, осында Түркі өркениеті орталығын құру туралы шешім қабылдадым. Бұл орталық бауырлас елдердің бірлесіп ғылыми зерттеу жүргізуіне, мәдени жобаларды және білім беру бағдарламаларын іске асыруына жағдай жасайды. Сондай-ақ гуманитарлық ықпалдастығымызды нығайта түседі.  

Орталықтың қызметін тиімді ұйымдастыру үшін Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғылыми-академиялық әлеуетін пайдаланған жөн деп санаймын. Бұл университетке қажетті қаржылай және басқа да жәрдем көрсетіледі. Бәріміз де жаңа ғана Түркі өркениеті орталығының іргетасын қалау рәсіміне куә болдық. Осы бастамаға көрсеткен қолдауларыңыз үшін Сіздерге алғысымыз зор.   Бұған қоса, біз Астанада Дала өркениетін дәріптеуге арналған арнайы орталық құруды жоспарлап отырмыз. Онда дала халықтарының тарихы мен мәдениеті кеңінен насихатталмақ.   Ұйымға мүше мемлекеттерді және барлық бауырларымызды осы жобаны қолдауға және оған белсенді қатысуға шақырамын», - деді Мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев түркі елдерінің ЖИ орталықтарының желісін құруды ұсынды

Новости партнеров