Қазақстанда велосипед пен самокатты жалға алу құны қанша тұрады

09.05.2026 17:57

Баға бағамдау кезінде бір сағатқа жалға беру құны сараланды

Аlmaty.tv

Көктем туған кезде ірі мегаполистер мен облыс орталықтарында адамдар жеңіл әрі экологиялық таза көлікті қолданады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап.

Қазіргі кезде сұранысқа ие әрі демалысқа ыңғайлы көлік құралы – велосипед. Бұл салада қызмет ұсынушылар бір сағатқа немесе бір күнге жалға беруді жөн көреді. Кейбір қалада «шайтан арбаға» жиі мінетін адамдар үшін арнайы абонемет шығарды.

Электрсамокаттың жайы бөлек. Кейбір қалада көліктің бұл түріне қызмет көрсетушілер жұмысын уақытша тоқтатып қойған. Дегенмен еліміздің басым бөлігінде ақылды тұрақтар қызметін жалғастырып жатыр. Сонымен бірге қазір жазғы демалыс орындарында, саябақтарда, адам көп шоғырлатанатын орындарда, жағалауларда самокатты жалға беру қызметі бар. Баға бағамдау кезінде бір сағатқа жалға беру құны сараланды.

Велосипед

Екі аяқты көлік құралын жалға алу қызметі Қарағанды мен Жезқазғанда қымбат. Бұл қалаларда бір сағаттық серуен құны 3 000 және 6 000 теңге болып тұр. Ал Ұлытау облысында баға сәл төмен.

Астана мен Ақтөбе қалаларында «шайтан арбамен» бір сағат жүрсеңіз 3 000 теңге төлеуге тура келеді. Еліміздің астанасында баға одан да жоғары болуы мүмкін. Соған қарамастан 2 000 – 4 000 теңгенің ұсыныстарын да табуға болады.

Қостанай қаласында тариф екіге бөлінеді. Қарапайым самокатты жалға алу сағатына 2 300 тг болса, жоғары жылдамдықпен қозғалатын көлік құралы 3 000 теңгеден басталады. Ал балаларға арналған тариф – 1 500 – 1 800 теңге аралығында.

Алматы қаласында баға – 3 000 теңге. Туристер көп шоғырланған орындарда жалға алу құны одан жоғары. Шымкент қаласында жалға беру құны 1 000 теңгеден басталып, 3 000 теңгеге дейін (самокат түріне байланысты) жетеді. Балаларға арналған тариф құны екі есе арзан. Жергілікті тұрғындар қатынас құралының шығынын азайту үшін 4 сағатты таңдайды. Бағасы 5 000 – 6 000 теңге.

Павлодар қаласындағы саябақтың жағалауында велосипед тебу құны ересектерге 2 000 теңгеден, балаларға 1 500 теңгеден басталады. Екі адамға арналған, оның ішінде балаларға арналған орындығы бар «шайтан арбаны» жалға алу құны сағатына – 2 500 теңге.

Талдықорған қаласында жалға алу құны – 1 300 – 2 700 теңге аралығында. Тараз қаласындағы орташа баға сағатына – 2 000 теңге.

Түркістан мен Қонаев қалаларында велосипедпен бір сағат серуендейтін ерескетер сағатына 1 750 теңге төлейді. Өскемен, Қызылорда, Орал мен Семейде баға шамамен – 1 500 теңге. Көкшетау қаласында да баға осы шамада. Сонымен бірге жергілікті тұрғындар 10 000 теңге төлеп, велосипедті тәулігіне жалға ала алады.

Ең тиімді баға Петропавл мен Атырау қалаларында. Мұнда жалға алу құны 1 000 теңгеден басталады. Ал Ақтау қаласында велосипедті жалға беру қызметі табылмады.

Электрсамокат

Электрсамокатқа қатысты жағдай мүлде өзге. Көп қалада кикшеринг жұмыс істеп тұр. Көшелерде ақылды тұрақтар бар, самокатты іске қосу үшін ұялы телефонды қолға алып, QR-кодты сканерден өткізу жеткілікті. Самокатты іске қосуға, кейде сақтандыруға ақы алады. Сонымен бірге әр минутына ақша төлеуге туралы келеді. Шығынды нақты анықтау үшін бір сағатқа арналған тарифті салыстырдық. Қосымша арқылы және қарапайым жалға беру қызметтері туралы да білдік.

Ең жоғары баға Шымкент қаласында тіркелді. Операторына қарай бастапқы баға 200-300 теңге болса, әрі қарай әр минуты – 55-75 теңге. Нәтижесінде сағатына адамдар 4 150 теңге жұмсайды. Алматы мен Астана қалаларында да баға осы қарайлас. Мұнда самокатты іске қосу бағасы төмен, соған сай сағатына есептелетін шыған азайып, 3 895 және 4 100 теңгені құрады.

Көкшетау қаласында самокатты іске қосу 100 теңге, сақтандыру құны 50 және әр минутына 60 теңге есептеледі. Сонда сағатына 3 750 теңге шығады. Самокатқа жиі мінетін қала тұрғындары арнайы топтаманы сатып алады. Мәселен 100 минуты 4 500 теңге болады.

Тараз қаласында қосымшаны пайдалатын тұтынушылар сағатына 3 430 теңге төлейді. Ал кәсіпкерден тікелей алса жалға алу құны 4 000 теңге болады.

Қарағанды қаласындағы операторлар түрлі қызметті ұсынады. Самокатты іске қосу 150 – 300 теңге болса, әрі қарай әр минуты 40 – 60 теңгеге есептелген.

Талдықорған, Қонаев пен Семейде әр сағатына 3 150 теңге болады. Ақтау қаласында самокатты іске қосу 100 теңге, ал әр минуты 49 теңге болып тұр.

Қостанай, Түркістан мен Жезқазғанда тариф құны сағатына – 2 645 – 2 740 теңге.

Павлодар мен Қызылордада қатынас құралын жалға алу құны – 2 500 теңге. Оңтүстікте көбіне кикшеринг болса, солтүстік, соның ішінде Павлодар қаласында қызметтің бұл түрі жоқ. Есесіне кәсіпкерлер самокатты сағатына жалға береді.

Орал қаласында электрсамокат қызметі – 2 400 теңге, Өскеменде – 2 100 теңге. Велосипед еліміздің барлық дерлік қаласында болғанымен, самокат қызметі Ақтөбе, Атырау, Петропавлда жоқ.

Оқи отырыңыз: Күн сайын мереке: мамыр айында әлемде атап өтілетін ең ерекше даталар