Қазақстанда ветеринариялық бақылау күшейтіліп, бірыңғай цифрлық жүйе енгізіледі
Саладағы өкілеттіктер қайта бөлінеді
Қазақстанда ветеринария саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейтіп, жануарлар мен олардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету көзделіп отыр. Сондай-ақ салаға бірыңғай цифрлық жүйе енгізіліп, мемлекеттік органдар мен ветеринариялық қызметтердің міндеттері қайта бөлінеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Құрылтайдың баспасөз қызмеоінен хабарлағандай, бұл өзгерістер ветеринария мәселелері бойынша заң жобасында қарастырылған.
Заң жобасына сәйкес, жануарлар мен олардан алынатын өнімдер сатылатын сауда орындарында, мал қорымдарында, сою және сақтау нысандарында тұрақты мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау жүргізу ұсынылып отыр. Бақылау ветеринария саласындағы кәсіпкерлік субъектілеріне және бюджет есебінен қаржыландырылатын ветеринариялық шараларға да қатысты болады.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы жануарларын сою тәртібін өзгерту жоспарланған. Атап айтқанда, сою алаңдары мал союға рұқсат етілген орындар тізімінен алынып, қоғамдық тамақтандыруға арналған ет арнайы нысандарда ғана алынуы тиіс. Сондай-ақ ветеринариялық-санитариялық сараптамадан және сою алдындағы тексеруден өтпеген өнімдерді қоғамдық тамақтандыруда пайдалануға тыйым салу көзделген.
Өнім беретін жануарларға өсу стимуляторлары мен адамдарды емдеуге арналған антибиотиктерді қолдануға да шектеу қойылады.
Егер жануарларда аса қауіпті ауру белгілері анықталса, түпкілікті диагноз қойылғанға немесе карантин енгізілгенге дейін оларды оқшаулау, дайындау және сою жұмыстары тоқтатыла тұруы мүмкін. Ал ветеринариялық құжаттары жоқ немесе заң талаптарын бұза отырып тасымалданған жануарлар мен өнімдерді алып қою тәртібі қарастырылған.
Ветеринария саласына бірыңғай цифрлық жүйе енгізіледі
Мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру үшін ветеринария саласында бірыңғай цифрлық жүйе құру ұсынылып отыр. Онда жануарлар, ветеринариялық қызмет көрсететін субъектілер, бақылау нысандары мен жүргізілген шаралар туралы мәліметтер жинақталады.
Бұл жүйе жануарларды есепке алуды нақтылауға, бақылаудағы өнімдер мен нысандардың қозғалысын қадағалауға және салаға қатысушылар арасында ақпарат алмасуды жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік органдардың міндеттері қайта бөлінеді
Заң жобасында ветеринария саласындағы мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді нақтылау да көзделген.
Жергілікті атқарушы органдар қан алу жүйелерін мемлекеттік сатып алуға жауапты болады. Ал мал қорымдары мен сою пункттерін салу, қайта жаңғырту және күтіп ұстау міндеттері аудандық деңгейге және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне беріледі.
Республикалық эпизоотияға қарсы жасақ ветеринариялық препараттарды сатып алу, сақтау, тасымалдау және қолдану жұмыстарын атқарады. Сондай-ақ республикалық қордағы препараттарды есептен шығару және тәркіленген не жойылған ауру жануарлар мен қауіпті өнімдердің құнын иелеріне өтеу міндеттері жүктеледі.
Ал Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне эпизоотиялық ошақтарды тексеру, жануарлардан алынатын өнімдерге ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізуді лицензиялау және ветеринариялық қызметпен айналысатын кәсіпкерлердің қызметі туралы хабарламаларды қабылдау өкілеттіктері беріледі.
Бұдан бөлек, Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық жануарлар аурулары қоздырғыштарының микробқа қарсы препараттарға төзімділігін анықтау, ауруларды диагностикалау әдістемесін сүйемелдеу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыс істейді.
Оқи отырыңыз: Ветеринарларға әлеуметтік қолдау көрсетіліп, ауылдағы мамандардың жалақысы артады