Ветеринарларға әлеуметтік қолдау көрсетіліп, ауылдағы мамандардың жалақысы артады
Қазақстанда ветеринариялық препараттардың айналымын бақылайтын фармацевтикалық инспекция құрылады
Құрылтай ветеринария мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Депутаттардың бастамасымен әзірленген құжат ветеринария саласын кешенді түрде жаңартуға бағытталған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Құрылтайдың баспасөз қызметінен хабарлағандай, заң жобасында ветеринария мамандарына бірқатар әлеуметтік қолдау көрсету көзделген,
Атап айтқанда:
– жыл сайын ақылы еңбек демалысын беру және емдеу-сауықтыруға арналған жәрдемақыны кемінде екі лауазымдық жалақы мөлшерінде төлеу;
– негізгі жұмыс орны бойынша ветеринария саласындағы ғылыми дәрежесі бар мамандарға ай сайын қосымша ақы төлеу.
- Атап айтқанда, ғылым кандидаттарына – 17 АЕК, ал ғылым докторларына 34 АЕК көлемінде үстемеақы беріледі.
Сонымен қатар ветеринария саласында ветеринариялық палата түріндегі қоғамдық ұйым құрылады. Ол ветеринар дәрігерлердің құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғайды, олардың есебін жүргізеді және біліктілігін арттыруға ықпал етеді.
Сондай-ақ белгілі болғандай, Қазақстанда ветеринариялық препараттардың айналымын бақылайтын фармацевтикалық инспекция құрылады.
Заң жобасы ветеринария саласындағы қызмет субъектілерінің жауапкершілігін де күшейтеді.
Атап айтқанда, мал шаруашылығымен айналысатын жеке және заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы жануарларын өз қаражаты есебінен бірдейлендіруге, сондай-ақ штатында ветеринар дәрігер ұстауға немесе маманды жұмысқа тартуға міндеттеледі.
Бұдан бөлек, жануарларды сату және сою, оларды бірдейлендіру құралдарының жоғалуы немесе бүлінуі туралы белгіленген мерзімде хабарлау талаптары енгізіледі. Сондай-ақ карантиннен өткен жануарларды бөлек ұстау және ветеринариялық құжаттарды жануарлар межелі жерге жеткен соң есептен шығару тәртібі нақтыланады.
Сатуға немесе қоғамдық тамақтану орындарында пайдалануға арналған жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатқа, сондай-ақ ветеринариялық препараттар мен жемшөпке міндетті таңбалау талабы енгізіледі.
Заң жобасындағы тағы бір маңызды жаңалық – Еуразиялық экономикалық одақ талаптарына сәйкес ветеринариялық препараттардың айналымын бақылайтын фармацевтикалық инспекция құру.
Жаңа инспекция ветеринариялық препараттардың қауіпсіздігіне фармакологиялық қадағалау жүргізіп, оларды өндіретін кәсіпорындарға тиісті сәйкестік сертификатын беретін болады.
Оқи отырыңыз: Алматыда азық-түлік бағасына үстеме қосуға қатысты 2 мың заңбұзушылық анықталды