Қазақстанда жаңа рейтинг агенттігі құрылуы мүмкін

Елдегі компаниялар мен қаржы ұйымдары шетелдік институттарға жүгінуге мәжбүр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда жаңа рейтинг агенттігі құрылуы мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Мәжілісте заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Төменгі палатаға жаңа заң жобасын алып келген Мәдина Әбілқасымова рейтинг агенттігін құруды ұсынды. Бұл ең алдымен, еліміздің экономикасы үшін маңызды дейді. Өйткені агенттік компаниялар мен қаржы ұйымдарының қаншалықты сенімді екенін бағалайтын болады. Сол арқылы Қазақстанға келетін инвесторлар қайда ақша салу қауіпсіз, ал қай жерде тәуекел жоғары екенін біліп отырады. Мәселен, егер қандай да бір компанияға жоғары рейтинг берілсе, бұл оның тұрақты әрі сенімді екенін білдіреді. Ал төмен көрсеткіш керісінше, қауіп барын көрсетеді.

«Қазақстандық рейтингтік агенттік үшін жарғылық және меншікті капиталдың ең төменгі мөлшеріне қойылатын талаптар заңға тәуелді деңгейде белгіленетін болады. Жарғылық капитал шамамен 10 миллиард теңгені құрайды деп болжануда, бұл басқа елдердегі ұлттық рейтингтік агенттіктердің практикасына сәйкес келеді», – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова.

Елімізде рейтинг беру жүйесі әлі толық дамымағандықтан, біздегі компаниялар мен қаржы ұйымдары шетелдік институттарға жүгінуге мәжбүр. Депутат Берік Бейсенғалиев егер ұлттық агенттік құрылатын болса, шағын және орта бизнес те рейтинг алып, нарықтағы қаражаттарға қол жеткізетін еді дейді. Бұл экономикаға пайда әкеліп, қаржы секторын дамытады деп отыр.

«Айналымдағы акциялардың көлемі 45 триллионға жетті. Ал мынау биржадағы облигациялардың айналып жатқан көлемі 16 триллионға жетті. Жылына 30-дан астам акциялар мен облигациялардың шығарып жатыр. Соны шығарған кезде олар рейтингті білу кепек, қазір халықаралық рейтинг агенттіктерінің мәліметіне тәуелді», – деді  ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Берік Бейсенғалиев.

Көрші Ресейде 4 агенттік жұмыс істейді. Өзбекстан мен Беларусь елінде де мұндай ұйымдар бар. Егер заң қабылданып, Қазақстанда ұлттық агенттік құрылса, оның берген рейтингін тек ел ішінде ғана емес, басқа мемлекеттер де мойындауы керек. Мархабат Жайымбетовтың айтуынша, сонда ғана бизнеске қаржы тарту жеңілдеп, экономикаға үлкен пайда әкеледі.

«Бұл рейтингті басқа мемлекеттер де мойындауы керек. Мысалы жаңағы «Standard and Poor's», «Fitch» сияқты халықаралық рейтинг агенттігі сияқты ұлттық рейтингті де мойындауы керек. Сол кезде кәсіпкерліктің дамуына, болашақ кредит беруге, кәсіпкерлік бағытындағы жұмыстарды дамытуға үлкен себебі болады деп ойлаймыз», деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов

Мәдина Әбілқасымованың сөзіне сенсек, рейтинг жасайтын шетелдік ұйымдардың қызметі 24 миллион теңгеге жуықтайды екен. Ал өзіміздің ұлттық агенттік құрылса, қызметтің құны шамамен 5 есеге арзан болмақ.  Әбілқасымова сонда ғана орта және шағын бизнес қор нарығына шыға ала алады деп отыр. Бұл әзірге жоспар. Мәжіліс құжатты бірінші оқылымда мақұлдады. Алда әлі де талқалау болады.

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Қазақстанда рейтинг агенттіктерінің ақпарат сапасына қатысты талаптар енгізіледі

Новости партнеров