Декларация жұмыс орны бойынша персоналды басқару қызметіне немесе кадр қызметінің міндетін атқаратын жауапты адамға жазбаша түрде тапсырылады
Қазақстан Үкіметі жеке мүдделер туралы декларацияны толтыру қағидаларын бекітті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қағидаларға сәйкес, жеке мүдде – жауапты мемлекеттік лауазым атқаратын адамның, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамның, оларға теңестірілген адамның немесе лауазымды тұлғаның өзі, жақын туыстары, жұбайы, жекжаттары және (немесе) өзімен байланысты басқа адамдар үшін мүліктік және (немесе) мүліктік емес игіліктер, пайда немесе артықшылықтар алуға мүдделілігі.
Жауапты мемлекеттік лауазым атқаратын адамдар, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар, лауазымды тұлғалар, сондай-ақ оларға теңестірілген адамдар мемлекеттік қызметке немесе мемлекеттік не оларға теңестірілген функцияларды орындауға байланысты лауазымға кіріскен не қызметі (жұмысы) бойынша ауысқан күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде жеке мүдделер туралы декларация толтырады.
Декларация толтырудан мыналар босатылады:
1. ҚР Президенттігіне, Құрылтай немесе мәслихат депутаттығына, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне кандидаттар, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқарудың сайланбалы органдарына мүшелікке кандидаттар;
2. автомобиль жолдарында техникалық және авторлық қадағалау жүргізетін адамдар, сондай-ақ мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын жобаларды және (немесе) бағдарламаларды іріктеуге, оларды қаржыландыру туралы шешім қабылдауға немесе мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуға қатысатын алқалы органдардың мүшелері.
Жеке мүдделер туралы декларацияда мынадай мәліметтер көрсетіледі:
Мемлекеттік органдарда, ұйымдарда немесе квазимемлекеттік сектор субъектілерінде ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды атқаратын адамдар қосымша мәлімет ұсынады. Олар жақын туыстары, жұбайы немесе жекжаттары акцияларына не жарғылық капиталындағы үлестеріне иелік ететін немесе басқаруына қатысатын заңды тұлғалар туралы мәліметтерді көрсетуге тиіс. Бұл талап аталған заңды тұлғалар декларант жұмыс істейтін мемлекеттік органмен, ұйыммен немесе квазимемлекеттік сектор субъектісімен азаматтық-құқықтық қатынаста болған жағдайда қолданылады.
Декларация жұмыс орны бойынша персоналды басқару қызметіне немесе кадр қызметінің міндетін атқаратын жауапты адамға жазбаша түрде тапсырылады.
Егер декларацияда толық емес немесе шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер көрсетілсе, оны тапсырған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде жеке мүдделер туралы қосымша декларация беруге болады.
Жаңа мәліметтер пайда болған жағдайда декларация жаңартылады.
Мемлекеттік органдарда, ұйымдарда немесе квазимемлекеттік сектор субъектілерінде кадр қызметі қызметкерлерінің арасынан жеке мүдделер туралы декларацияларды жинауға жауапты адамдар тағайындалады.
Декларация мемлекеттік қызметшінің жеке ісіне тіркеледі.
Қаулы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Оқи отырыңыз: Заң мен тәртіп: Алматы жастары құқықтық мәдениетті нығайту мәселесін талқылады