Қазақстанда жол ережесін бұзғандар үшін балдық жүйе енгізілуі мүмкін

13.05.2026 19:40

Енді жол ережесін жиі бұзатындар тек айыппұлмен құтылып кетпейді

Елімізде жол ережесін бұзғандарды есепке алудың балдық жүйесі енгізілуі мүмкін. Жаңа жүйе жүзеге асса, талапқа бағынбайтын жүргізушілер көлік басқару құқығынан айырылады. Бұл мәселені бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов көтерген еді. Премьер-министр қазір жоба ірі қалаларда пилоттық режимде сынақтан өтіп жатқанын хабарлады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Енді Қазақстанда жол ережесін жиі бұзатындар тек айыппұлмен құтылып кетпейді. Елде мұндай жүргізушілердің іс-әрекеттері арнайы баллдық жүйе арқылы бағаланбақ. Яғни, әрбір құқықбұзушылық үшін темір тұлпар тізгінінде отырған адамға баға беріледі. Егер бір жыл ішінде жиналған көрсеткіш 20 баллға жетсе, азамат жүргізуші куәлігінен айырылып, алты айға дейін көлік басқару құқығынан шеттетіледі. Ал рөлге қайта отыруы үшін емтиханды қайта тапсыруы қажет болады. Заңгерлердің пікірінше, бұл жүйе жолдағы жауапкершілікті күшейтіп, қоғамдағы әділдікті қалыптастыруға ықпал етеді.

«Бұл өзгерістердің Әкімшілік кодекске енгізілетінін түсініп отырмыз. Атап айтқанда, автокөлікті басқару құқығын уақытша шектеу немесе жүргізуші куәлігінен уақытша айыруға қатысты баптарға түзетулер енгізіледі. Бұл – әкімшілік жаза шарасы. Сондай-ақ мұндай бастама Парламент депутаттары тарапынан қолдау табады деп ойлаймыз. Себебі бұл өзгеріс жалпы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесіне сай келеді», – деді заңгер Серік Берқамалов.

Жаңа өзгеріс тек жүргізушілерге емес, жаяу жүргіншілерге де қатысты болмақ. Себебі баллдық жүйеге сәйкес енді жол қозғалысына қатысатын барлық азамат есепке алынады. 20 балл жинаса, алты айға дейін жүргізуші куәлігін алуға шектеу қойылады. Бұл бастама қоғамда түрлі пікір қалыптастырды.

Елорда тұрғындарының бірі мұндай қадам жол мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді десе, енді бірі оның жүзеге асу тетігіне қатысты сауал көп екенін айтады.

«Ең біріншіден, сол ұпайлардың нәтижесі қандай болмақ? Мысалы, біз мұнда келдік, бірақ машина қоятын жол да, орын да жоқ. Қиыншылықтар көп. Мәселеге басқа қырынан қарау керек: неге жол тәртібі бұзылады?», – деді қала тұрғыны Алма Ерланова.

«Өз басым автобуспен жүремін, жеңіл машиналардан көп заңбұзушылықты байқаймын. «Көлігің бай болса, өзің мықтысың» деген түсінік бар ма, білмеймін. Қарапайым халықты, жаяу жүргіншілерді менсінбейді. Соларға балл жиналып, құқығынан айырса жақсы болар еді. Көбісі ережені өте қатты бұзады», – деді қала тұрғыны Жасұлан Байбатыр.

Мұндай бағалау жүйесі шетелде бұрыннан қолданылады. Әзербайжан азаматы Баходор Сариевтің айтуынша, бұл тәртіп олардың елінде жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыруға оң әсер еткен. Оның айтуынша, жүргізушілер жол ережесіне жауапкершілікпен қарап, құқықбұзушылық саны азайған.

«Иә, әрине, көмегі бар деп ойлаймын. Меніңше, бұл – дұрыс шешім. Себебі адамдар жол ережесін сақтауға көбірек мән береді. Барлығы бұл мәселеге салмақты қарай бастайды. Бізде мұндай жүйе бұрыннан енгізілген. Әзірге ешқандай қиындық туындаған жоқ. Көпшілік көлікті ереже бойынша жүргізуге тырысады, жол тәртібін бұзбайды», – деді Әзербайжан азаматы Баходор Сариев.

Айта кетейік, жаңа жүйенің нақты қашан қолданысқа енгізілетіні әзірге белгісіз. Бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов хабарлағандай, баллдық тәртіп қазір Астана, Алматы және Шымкент қалаларында тестілік сынақтан өтіп жатыр.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Қызылордада колледж студенті әлімжеттіктен көз жұмды