Қызылордада колледж студенті әлімжеттіктен көз жұмды

Қара жамылған отбасы бұл сұмдық жайтты бақылаудың жоқтығынан деп қынжылып, жанайқайын жеткізді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қызылорда облысында бірінші курс студенті көз жұмды. Марқұмның туыстарының айтуынша, жекеменшік колледжде оқитын 16 жастағы жасөспірім жатақханадағы жоғары курс студенттерінің соққысынан жантәсілім еткен, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Сорақысы сол, әлімжеттік ордасына айналған оқу орнында қайғылы жағдай кезінде бақылаушылар болмаған дейді марқұмныңм жақындары. Ес-түссіз жатқан жасөспірімге жедел жәрдем шақырудың орнына, оны бөлмесіне сүйреп апармақ болған.

Қара жамылған отбасы бұл сұмдық жайтты бақылаудың жоқтығынан деп қынжылып, жанайқайын жеткізді.

«Бірінші курс студенттерін жаттығу залында бір қатарға ұзынынан тұрғызып қойған екен. Үш баланы ұрған, біздің бала төртінші болып тұрған. Сөйтіп оны ұрып, бәрі жабылған. Ол өзі таэквондошы ғой. Артқы жағынан құлатқан кезде, тіземен отырып қалғанда үш бала қолынан ұстап тұрған. Бір бала жүгіріп келіп тепкен. Сосын ол құлаған, тренажерда қаны қалыпты», – дейді марқұмның әпкесі Римма Елеусізова.

«Мәйтханаға апарып тастаған, бала ол кезде үзіліп кеткен. Біз осында келсек, бала жоқ! Қалалық ішкі істер бөліміне барыңдар деді, олар мәйтханаға апарып тастадық дейді. Вахтерлар қарауы керек қой?! Түнгі сағат бір кезінде топырлаған баланы қалай көрмейді? Мен түсінбей тұрмын. Бұл жерде вахтер де, басқасы да мүлдем бақылау жасамаған», – деп ашынады марқұмның әкесі Руслан Сейсенбаев.

Жекеменшік колледж әкімшілігі қайғылы оқиғаны растады. Дегенмен беймезгіл уақытта студенттердің бақылаусыз жүргеніне қатысты нақты жауап қатпады. Тексеру басталып, жатақханадағы тәртіпке жауапты бірнеше қызметкердің жұмыстан босатылғанын хабарлады.

Ал полиция департаменті Нұрдәулет Мырзалының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғап, күдіктіні қамауға алған. Қазір оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр.

Дегенмен марқұмның туыстары төбелеске қатысы бар өзге студенттер мен қауіпсіздікке қырын қараған жауапты қызметкерлерді де жазаға тартуды талап етіп отыр.

«Жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді Полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асылбек Бексейітов.

«Колледжде ішкі тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Сырттан да тексеру жүргізілуде. Сонымен қатар бірнеше адам жауапқа тартылуда. Бұл жерде оқу ордасы болғандықтан, басшылықтан бастап барлығы жауап береді», – деді колледж директорының орынбасары Гүлмира Өтеулиева.

Оқи отырыңыз: Таразда жасөспірім жол апатына себеп болып, бір адам қаза тапты

Новости партнеров