Еліміздегі алғашқы «Ғылым және білім эндаумент-қоры» мемлекеттік тіркеуден өтті
Қазақстан мемлекеттік саясаттың өзегінде азаматтардың зияткерлік әлеуеті, олардың кәсіби құзыреттері, зерттеу мәдениеті және технологияларды қалыптастыру қабілеті айқындалатын даму моделіне көшуде. Бұл туралы Үкімет отырысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министр Конституцияның жаңа нормаларына сәйкес білім беру енді тек әлеуметтік қызмет ретінде қарастырылмайтынын, ол экономикалық өсімді және инновациялық белсенділікті қалыптастыратын өндіргіш күшке айналатынын атап өтті. Мұндай тәсіл университеттерді басқаруда, бюджеттік басымдықтарда және халықаралық әріптестікті дамытуда көрініс табады. Ғылымды қолдау тек білім беру саласының ғана емес, ұлттық экономиканың, өнеркәсіптің және қорғаныс қабілетінің мәселесіне айналады.
«Конституция – бұл азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту, әлеуметтік кепілдіктерді бекіту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру сияқты басым бағыттар айқындалған идеологиялық құжат. Жаңа Конституцияны таңдай отырып, біз Негізгі заңның баптарын жай ғана жаңартқан жоқпыз – біз әрбір азаматтың дауысы жасампаз күшке айналатын болашақтың архитектурасын қалыптастырдық», — деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Министр сондай-ақ Қазақстанда азаматтардың жоғары білім алу құқығын қамтамасыз ету үшін қаржыландыру тетіктерін жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
Жаңа модельге сәйкес, мемлекеттік тапсырысты бөлу және орналастыру экономиканың қажеттіліктеріне шоғырландырылатын болады.
Келер жылдан бастап жоғары оқу орындарын объективті индикаторлар мен көрсеткіштер негізінде бағалауды қарастыратын ЖОО-лардың ұлттық рейтингі енгізіледі.
Жаңа заңнамалық модель бойынша Қазақстандағы алғашқы «Ғылым және білім эндаумент-қоры» мемлекеттік тіркеуден өтті.
«Мемлекет басшысы жоғары білімді қаржыландырудың жаңа моделін кезең-кезеңімен енгізу туралы Заңға қол қойды. Модель кадрларды даярлау сапасын арттыруға және бәсекеге қабілетті жоғары оқу орындарын қалыптастыруға бағытталған. Рейтинг нәтижелері кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үшін жоғары оқу орындарын анықтау кезінде ескерілетін болады. Рейтингтік көрсеткіштері жақсы жоғары оқу орындарына қосымша академиялық дербестік беріледі», — деп атап өтті министр.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда оқушыларға арналған жаңа оқулықтар шығарылады