Қазақстанда оқушыларға арналған жаңа оқулықтар шығарылады

primeminister.kz
primeminister.kz

2026 жылы 3, 4, 7, 8 және 9 сыныптарға арналған оқулықтар жаңартылады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

2027 жылы 1 және 5 сыныптарға арналған жаңа оқулықтар шығару, 10-11 сыныптарға арналған оқулықтарды өзектендіру жоспарлануда. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ол 2026 жылы 3, 4, 7, 8 және 9 сыныптарға арналған оқулықтар жаңартылатынын атап өтті. 2027 жылы 1 және 5 сыныптарға арналған жаңа оқулықтар шығару, карталарды, тарихи және әкімшілік материалдарды толық ауыстыра отырып, 10-11 сыныптардың оқулықтарын өзектендіру жоспарлануда. Ал 2028 жылы 2 және 6 сыныптарға арналған жаңа оқулықтар шығарылмақ.

«Дәл осы тәсіл оқушылардың сапалы дайындығын қамтамасыз етуге, олардың аналитикалық және ғылыми ойлауын дамытуға, сондай-ақ қазіргі экономикада сұранысқа ие құзыреттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осылайша, білім беру жүйесі Мемлекет басшысының алға қойған жаһандық ғылыми-технологиялық өзгерістер жағдайында лайықты бәсекелесе алатын технологиялық ұлт қалыптастыру жөніндегі стратегиялық міндетін дәйекті түрде жүзеге асыратын болады», — деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова.

Сонымен қатар өндірісте теориялық дайындық пен кәсіби дағдылардың тиімді үйлесімін қамтамасыз ететін дуальды оқыту жүйесін күшейте отырып, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға ерекше назар аударылады.

Министрлік өскелең ұрпақты оқытудың және лайықты тәрбиелеудің барлық сатыларында білім беру сапасын арттыру арқылы зияткерлік ұрпақты қалыптастыру жөнінде шаралар қабылдайтын болады.

Тәрбие жұмысы 5-9 сыныптарды қамтитын «Адал Азамат» Бірыңғай бағдарламасын, «Конституция негіздері», «Заң мен тәртіп» курстарын, экологиялық білім беруді енгізу арқылы күшейтіледі, бұл азаматтық жауапкершілікті, патриотизмді, әлеуметтік және экологиялық құзыреттерді қалыптастырады.

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, Оу-ағарту министрлігі оқу бағдарламаларының мазмұнын күшейтуге және оқу қорын жаңартуға бет бұрғалы отыр.

«Биылғы 13 наурызда өткен Digital Qazaqstan жобасы жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысына егжей-тегжейлі баяндалғандай IT саласын және цифрлық құзыреттерді дамытуға ерекше назар аударылатын болады. Бұл өскелең ұрпақтың бойында қажетті білім мен дағдыларды қалыптастыруға, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауды қамтамасыз етуге және қарқынды технологиялық даму жағдайында елдің әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді»,  — деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова.

Министр атап өткендей, білім берудің бастауыш буынын нығайтуға басты назар аударылатын болады, өйткені дәл осы кезеңде баланың одан әрі білім беру траекториясын қалыптастыратын базалық білім, дағдылар мен құндылықтардың іргетасы қаланады.

Оқу бағдарламаларының мазмұны ғана емес, оқулықтардың сапасы да жыл сайын қайта қаралатын болады, сондай-ақ 1-сынып оқушылары негізгі пәндер бойынша жұмыс дәптерлерімен қамтамасыз етіледі.

5-тен 9-сыныпқа дейінгі кезеңде еңбек нарығындағы өзгерістерге және экономиканың адами капиталды дамытуға бағдарлануы маңызды факторға айналады. Бұл процестер білім беру стандарттарын іргелі ғылымдарды терең зерттеуге баса назар аудара отырып қайта қарауға алғышарт тудырады.

Сонымен қатар «Қазақстан географиясы» пәні 8-9 сыныптарда аптасына екі сағат қайта оқытыла бастайды. Оқу бағдарламалары іргелі білімді дәйекті түрде бекітуге бағытталады. Орта мектепте барлық негізгі пәндерді міндетті түрде оқу заңмен бекітіледі.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда азаматтардың дербес деректерін қорғау күшейтіледі

Новости партнеров