Баға маусымдық сұранысқа байланысты өзгеріп отырады
Еліміздің өңірлерінде құрылыс материалдарының бағасында едәуір айырмашылық бар, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап.
Мамыр айында адамдар табиғат аясында тынығып қана қоймай, жайлы өмірдің қамына кіріседі. Отбасы мүшелері алдағы күндерді жоспарлап, қажет болса құрылыстың шығынын есептейді. Әсіресе үй салып, күзге дейін жайлы баспанасына кіріп алуды ойлаған қазақстандықтар әр күнін қалт жібермейді. Іргетасын құйып, қабырғасын қалап, шатырын жапса, ішкі әрлеу жұмыстарына да дереу кірісе алады. Қажетті қаржы көлемін дәл анықтау үшін алдымен құрылыс материалдарының бағасына шолу жасайды.
Негізгі құрылыс материалдарының бағасы маусымдық сұранысқа байланысты өзгеріп отырады.
Үй құрылысына қажетті материалдар тізбесі
Шағын үйден бастап коттедж құрылысының бағасына талдау жасау үшін аса қажетті бес материалды таңдадық.
М150 кірпіші. Қанша уақыт өтсе де сыннан мүдірмей өтті. Сапасы мықты әрі жылуды жақсы сақтайды. Бағасы қолжетімді болған соң адамдар жеке үйдің құрылысы кезінде жиі қолданады.
М200 маркалы бетон. Бұл құрылыстың діңгегі саналады. Үй іргетасын қалағанда, еденді тегістегенде, баспалдақ салғанда және бекіткенде өте қажетті құрылыс материалы.
Арматура (12 мм, А3 класты). Кез келген ғимараттың қаңқасына салынады. Біз адамдар жиі қолданатын, темірбетон конструкциясын мығым ұстап тұратын диаметрді таңдадық.
Арқалық ағаш (100×100 мм, ұзындығы 6 м). Мұны шатыр жабындысына, моншаға және үй алдындағы сәкіге қолдануға болады. Экологиялық таза құрылыс материалы адамға жайлылық сыйлайды.
Жылу сақтайтын қаптама (50 мм). Жайлы үйге қажетті материал. Қыста жылы, жазда қоңырсалқын болуы үшін құрылыс кезінде жиі қолданады. Сонымен бірге артық дыбысты басуға көмектеседі.
Елімізде кірпіш бағасы әр данасына есептеледі. Біз орта есеппен 500 дана кірпіш қажет деп санадық. Бағасын салыстыру кезінде бірнеше хабарламаны қарап, ең тиімді ұсынысқа басымдық берілді.
Бетонға қажетті қоспаны ұсынушылар әр текше метрін есептейді. Ал арматура сататын адамдардың ұсынысы әртүрлі (метр, данасы, тоннасы). Сондықтан біз ортақ есепті шығарып, 100 келінің (шамамен 114 метр болады) бағасын білдік.
Ал ағаш пен қамтаманы таңдау кезінде 10 дана тақтай мен 10 орама жылу сақтайтын құрылыс материалының бағасы есептелді.
Құрылыс себетінің рейтингі
Еліміз бойынша Ақтау қаласында құрылыс жұмыстары қымбатқа шығып тұр. Шамамен – 313 750 теңге. Ең негізгі себеп – логистика. Құрылыс материалдарын сататын базарлар үшін Маңғыстау облысы «аралға» тең. Себебі мұнда барлық дерлік құрылыс материалы басқа облыстардан тасымалданады. М150 кірпішін табу қиынға соқты. Көбі мұнда жергілікті жерде өндірілетін ұлытас кірпішін қолданады. Сонымен бірге ағаш пен жылу сақтайтын қаптама бағасы да жоғары. 10 тақтайды 81 000 теңгеге сатып алады. Еліміз бойынша ең жоғары баға осы. Ал 10 дана жылу сақтау қаптама бағасы – 107 500 теңге.
Атырау қаласында үй құрылысына қажетті қаржы - 294 950 теңге. Мұнда бетон қоспасының бағасы қымбат. Әр текше метрі – 47 200 теңге. Бағаға ірі өндірістік құрылыс пен материалдың сырттан тасымалдануы әсер етіп тұр. Арматура бағасы рекордтық көрсеткішке жетіп, 100 келісі 39 000 теңге болды. Мұнда тек ағаш бағасы төмен.
Алматы қаласында құрылысқа орта есеппен 279 250 теңге жұмсауға болады. Мұнда құны рекордтық көрсеткішке жетпесе де еліміздегі орташа бағаға қарағанда біз тізбектеген құрылыс материалдары қымбатқа соғады. Ағаш бағасы логистикаға байланыс болып тұр. Сонымен бірге металл мен жылу сақтайтын қаптама құны жоғары. Бір ғана 10 дана жылу сақтайтын қаптама бағасы 93 500 теңге. Яғни тізім басында тұрған қаладан кейінгі орынға жайғасты.
Жезқазған мен Талдықорған қалаларына да логистика әсер етіп тұр. Алғашқысында құрылысқа 268 500 теңге, екіншісінде 263 750 теңге жұмсалады. Жезқазғанға құрылыс материалдарының көбі Қарағанды, Астанадан, ал Талдықорғанға Алматы базарынан тасымалданады.
Құрылыс шығыны Қостанай мен Қызылорда қалаларында қарайлас. Шамамен 258 500 және 257 250 теңге. Қостанай қаласында 500 дана кірпіш бағасы 57 500 теңгеге шығады. Ал Қызылордада ағаштың 10 данасын 78 000 теңгеге сатып алуға болады. Ірі өндіріс орны болғанына қарамастан мұнда ағаш тапшылығы мәселесі шешілмей тұр.
Өскемен (256 250 теңге) мен Көкшетау (250 500 теңге) қалаларында баға орташа. Шығыста ағаш бар, бірақ кірпіш пен жылу сақтайтын қаптама бағасы өңірді орташа деңгейде ұстап тұр. Ал Көкшетауда бетон қоспасының бағасы төмен, есесіне арматураның 100 келісі 33 500 теңге.
Қонаев қаласы өзгелерден ерек болып тұр. Жалпы құрылысқа 243 750 теңге жұмсалады. Мұнда бетон қоспасының бағасы төмен. Текше метріне – 19 750 теңге. Жергілікті карьерлер көмек береді. Құм, қиыршық тас және бетон дайындау торабы қарастырылған. Соған қарамастан жаңа облыс орталығындағы құрылыс қарқыны бағаға әсер етпей қоймады.
Петропавл қаласы (241 000 теңге) мен Түркістан (240 100 теңге) бір-бірінен алысқа ұзап кетпеді. Солтүстікте ағаш арзан болғанымен, арматура бағасы жоғары. Түркістанда бетон, кірпіш бағасы қолжетімді, ал ағашты сырттан тасымалдайды.
Семей қаласында құрылысқа 237 150 теңге жұмсайды. Мұнда кірпіш шығаратын зауыт бар және шығыстан ағаш тасымалайды. Құрылыс материалдары өз ішінен табылса, көршілес облыстан әкелсе баға шарықтамайды.
Астана (234 020 теңге) мен Тараз (233 650 теңге) қаласында баға қолжетімді болып шықты. Астанада бәсекелестік жоғары. Бағаға да оң әсерін тигізеді. Тараз қаласында жергілікті тауарды тұтынады. Мұнда кірпіш пен бетон қоспасының бағасы төмен. Соған қарамастан оңтүстік өңірлерде ағаштың бағасы өзгеге қарағанда жоғары болып қала береді.
Шымкент (232 900 теңге) және Павлодар (232 500 теңге) қалаларында баға одан да төмен. Еліміз бойынша кірпіш бағасы Шымкент қаласында арзан. 500 данасы – 36 250 теңге. Павлодарда да индустриалды базада кірпіш пен ағаш шығарады.
Орал қаласында құрылысты 230 000 теңгеге бастауға болады. Мұнда ағаш, металды импорттайды. Сонымен бірге кірпіш шығаратын зауыт та бар. Бәрі бағаға оң әсер тигізді.
Елімізде Қарағанды қаласында да құрылыс арзанға шығады. Шамамен – 223 500 теңге. Мұнда Теміртау қаласы жақын. Ол жақтағы құрылыс материалдары зауытынан қажеттіні тасымалдауға болады. Теміржол арқылы кірпіш, бетон мен металл әкеледі. Жақын әрі тиімді тасымал жолы осы.
Еліміз бойынша құрылысқа ең оңтайлы жер – Ақтөбе қаласы. Үй құрылысы – 194 750 теңге. Үйдің негізін салуға кететін шығын мұнда 200 мың теңгеге де жетпейді. 500 дана кірпіш бағасы 30 750 теңге, 10 ағаш 50 000 теңге, 10 қаптама 61 500 теңге. Құрылыс материалы ең қымбат қаламен арадағы айырмашылық 119 000 теңгеге жетті.
Оқи отырыңыз: Қазақстан тарихының 7 томдығы: алтыншы томның қолжазбасы бекітілді