Ерлан Қарин қолжазбаны баспаға дайындау туралы шешім қабылданғанын айтты
Алматыда Қазақстан тарихының жеті томдығын әзірлеу бойынша редакция алқасының кезекті отырысы өтті. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бұл жолы 6-томның қолжазбасы қаралғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Ерлан Қариннің айтуынша, кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихына арналған жинақ бұған дейінгі отырыста да талқылаған болатын. Алайда рецензенттер мен редакциялық алқа мүшелері тарапынан айтылған ескертулерге байланысты қайта өңдеуге жіберілген еді.
"Бүгін 6-томның жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Күлғазира Балтабаева айтылған ескертулер бойынша қандай жұмыс жүргізілгені жөнінде баяндама жасап, есеп берді. Оның айтуынша, қосымша редакциялық жұмыс барысында 120-дан астам ескерту мен ұсыныс назарға алынған. Жалпы, алтыншы том 7 бөлімнен, 19 тараудан және 126 параграфтан тұрады. Авторлар ұжымының құрамына 70-тен астам ғалым мен зерттеуші енген", - деп атап өтті Ерлан Қарин.
Сонымен қатар жиында 6-томға қатысты тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяғанның, әлеуметтану ғылымдарының докторы, Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Айгүл Сәдуақасованың, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры, саяси ғылымдарының кандидаты Андрей Чеботаревтің рецензиялары тыңдалды.
Сондай-ақ, редакция алқасының Мәмбет Қойгелдиев, Кенжехан Матыжанов, Дихан Қамзабекұлы, Нұрсан Әлімбай, Еркін Әбіл, Ханкелді Әбжанов секілді мүшелері өз ой-пікірлерін ортаға салды.
"Отырыс қорытындысы бойынша алтыншы томның қолжазбасы бекітіліп, баспаға дайындау туралы шешім қабылдады. Келесі отырыста академиялық басылымның Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне арналған жетінші томы қарастырылады", - деді Е. Қарин.
Оқи отырыңыз: Ерлан Қарин: Президент саясатының бірден-бір үлкен жетістігі – қоғамдық санадағы өзгеріс