Қазақстандағы теміржол желісінің 57 пайызы тозған - депутат

24.04.2026 19:12

Парламенттік тыңдауда сөз алып, баяндама жасаған Шәкәрім Бұқтұғұтов еліміздің транзиттік әлеуетіне қатысты проблемаларды ашық айтты

Қазақстандағы теміржол желісінің 57 пайызы тозған. Ондаған жылдар бойы қабылданған бағдарламалар мен тұжырымдамаларға қарамастан, сектордағы жүйелі проблемалар әлі күнге дейін шешілмей келеді. Сенатта өткен парламенттік тыңдауда осылай деген депутат Шәкәрім Бұқтұғұтов саланы сынға алды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Парламенттік тыңдауда сөз алып, баяндама жасаған Шәкәрім Бұқтұғұтов еліміздің транзиттік әлеуетіне қатысты проблемаларды ашық айтты. Өйтпеске болмас. Өйткені Президент осы бағытты дамытуға үнемі баса мән беріп келеді. Үкіметке жүктелген міндет те бар. Қазақстан Еуразия құрлығында транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтып, толыққанды көлік-логистикалық державаға айналуға тиіс. Ұмтылыс болғанымен, инфрақұрылым, қызмет сапасы және рәсімдердің тиімділігі сияқты салаларда әлі де мәселелер бар. Оны Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та біледі және жасырмайды.

«Еліміздің осы саладағы әлеуеті әзірге толық іске асырылмай отырғаны жасырын емес. Дүниежүзілік банктің дерегіне сәйкес, халықаралық логистикалық тиімділік индексі бойынша Қазақстан 139 елдің ішінде 95-орында тұр. Бұл транзиттік мүмкіндіктеріміз жоғары болғанына қарамастан салада кейбір кедергілердің бар екенін білдіреді», – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Сенатор Бұқтұғұтов аталған секторға қатысты түрлі бағдарламалар мен тұжырымдамалар жасалғанымен, жүйелі мәселелер түп-тамырымен жойылмай отырғанын айтты. Сөзінше, магистральдық теміржол желісінің 57 пайызы тозған. Теміржолдардың тек үштен бірінде ғана қос жол бар деп отыр. Стансалар мен айналма жолдардың 60 проценті ұзын пойыздарды қабылдай алмайды. Мұның бәрі жүкті жеткізу уақытын ұзартып, теміржолдың транзиттік әлеуетін шектейді. Сондай-ақ, депутат тариф саясатын қайта қарау қажет. Ол көлік тасымалындағы мәселелерге тоқталды.

«Көлік саласына келсек, транзиттік тасымалдар көлемі айтарлықтай төмендеген. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша транзиттік автотасымалдар 46 пайызға қысқарған. Сарапшылар мұны ең алдымен, Өзбекстан мен Ресейдің экспорттық және транзиттік логистикасындағы өзгерістерге байланысты жүк ағындарының балама бағыттарға қайта бөлінуімен байланыстырады», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Шәкәрім Бұқтұғұтов.

Елдің транзиттік әлеуетін дамытуда оң өзгерістер де бар. Мәселен Қазақстан азаматтық теңіз флоты жанданып келеді. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев соңғы 5 жылда порттар арқылы жалпы тасымал көлемі 51 пайызға, ал контейнерлік тасымалдар 3,5 есеге өскенін айтады. Сөзінше, Каспий теңізінде 150-ден аса су көлігі бар. Біздің кемелер мұнай мен контейнерлерді тасиды. Сауранбаев 2029 жылға дейін тағы 12 кемені сатып алмақшы.

«Орта дәліз арқылы жүк ағынын толық қамтамасыз ететін болады. Жалпы алғанда, 3 жылдың ішінде жаңа контейнер терминалдарын және теңіз кемелерін салу жүзеге асырылады. Әзербайжан тарапымен бірлесіп жаңа паромдық жүйе құру, дреджингтік компания ашу және ұзақ мерзімді бірыңғай тарифтік саясат жүргізу бойынша шешім қабылданды», – деді ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.

Халықаралық терминалдар желісін құру – ел үшін маңызды бағыт. Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, 2028 жылға қарай осындай орталықтар арқылы жылына 2,7 миллион контейнер өтеді. Сондай-ақ ол Қазақстан Қытай мен Еуропада теміржол терминалдарын салатынын жеткізді. Қазақстандық логистикалық хабтар желісі Шығыс-Батыс бағытында толық логистикалық байланысты қамтамасыз етпек.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Алматыда 50-ден астам адам уланған вагон иесі жауапқа тартылады - министрлік