Жаңа жүйе іске қосылуына кейбір техникалық мәселелер ғана кедергі келтіріп отыр
Елде инфляция соңғы 6 ай қатарынан баяулап келеді. Наурыдың қорытындысы бойынша бағаның жылдық өсімі 11 пайыз деңгейінде тіркелді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Мамандар инфляцияның төмендеуін қатаң ақша-несие саясатының жүргізілуімен және теңгенің салыстырмалы тұрақтануымен байланыстырады. Сондай-ақ коммуналдық қызметтер мен жанармай бағасының уақытша тұрақтануы да баға өсімінің баяулауына әсер еткен. Алайда осы оң динамикаға қарамастан, базалық мөлшерлеме жылдық 18 пайыз деңгейінде өзгеріссіз қалдырылды. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, бұл шешім инфляциялық қысымның әлі де сақталуына байланысты қабылданған.
«Инфляция біртіндеп төмендегеніне қарамастан, әлі де қос таңбалы деңгейде қалыптасып отыр. Бұл инфляциялық қысымды және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін кешенді тәсілді жалғастыру қажет екенін көрсетеді. Таяу Шығыстағы шиеленіске байланысты сыртқы секторда бағаның өсу қаупі артқаны алаңдатып отыр. Экономикадағы инфляциялық динамика үшін негізгі тәуекелдер осы тоқсаннан бастап баға мен тарифтік реттеу реформаларын қайта бастауға, «Бәйтеректің» ауқымды инвестициялық бағдарламасының параметрлеріне де байланысты», – деді ҚР Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов..
Ұлттық банк төрағасы шілдеден бастап барлық банктер бірыңғай QR-код жүйесіне қосылатынын мәлім етті. Жаңа жүйе бойынша қазақстандықтар қай банктің мобильді қосымшасын пайдаланса да, бір ғана QR-код арқылы төлем жасай алады. Тимур Сүлейменовтің айтуынша, бұл бастама қолданысқа енгізілу сатысында, алайда оның толық іске қосылуына кейбір техникалық мәселелер ғана кедергі келтіріп отыр.
«Банктер соңғы жылдары өздерінің экожүйелерін, қауіпсіздік жүйелерін және QR төлем құралдарын жеке-жеке дамытты. Енді сол жүйелерді біріктіріп, бір-бірімен қауіпсіз түрде жұмыс істейтіндей ету қажет. Бұл белгілі бір уақытты талап етеді. Барлық құқықтық мәселелер шешілген заңдар қабылданды, келісімдер жасалды. Қазір тек техникалық интеграция кезеңі жүріп жатыр. Біз бұл жүйені маусым айында аяқтап, шілде айына қарай толық іске қосамыз деп күтіп отырмыз», – деді ҚР Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.
Оқи отырыңыз: Банктік шот бұғатталған кезде не істеу керек