Қазақстанды Еуразияның көлік хабына айналдырамыз – Президент

Depositphotos
Depositphotos
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекет басшысы елдің көлік-логистика саласын дамытуға арналған жоспарлар туралы айтып, оның стратегиялық маңызын атап өтті. Қазақстан Еуразия құрлығының кіндік тұсында орналасқандықтан, транзиттік мүмкіндіктері зор, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Еліміз үшін көлік-логистика саласының әлеуетін арттыру – стратегиялық маңызы бар міндет. Теңізге тікелей шығатын жолы болмаса да, Қазақстан Еуразия құрлығының кіндік тұсында, яғни негізгі транзиттік күре жолдар тоғысқан жерде орналасқан. Бұл – үлкен артықшылық, біз оны ел игілігіне жарата білуге тиіспіз. Мақсат-мүддемізге сәйкес Қазақстанды Еуразияның көлік айлағы (хабы) ретінде қалыптастыру – бұл салада атқарылатын жұмыстың басты бағыты», – деді Мемлекет басшысы.

Жаңа жобалар мен магистральдар туралы да айтылды.

«Осы орайда, жақында іске қосылған “Достық – Мойынты” жаңа теміржол магистралінің мән-маңызын атап өткім келеді. Бұл жоба осы жол арқылы Қытай мен Еуропа арасында тасымалданатын жүк көлемін бес есе арттыруға мүмкіндік береді. “Мойынты – Қызылжар”, “Бақты – Аягөз”, “Дарбаза – Мақтаарал” теміржол желілерін жаңадан іске қосу жоспарымызда тұр. Жалпы, 2030 жылға дейін 5 мың шақырым теміржолды салып, жаңғырту және 11 мың шақырым теміржолды жөндеу көзделіп отыр», – деді Президент.

Құрылыстың стратегиялық маңызына да тоқталды.

«Елорда мен батыс аймақтардың арасындағы қашықтықты 500-ден астам шақырымға қысқартатын “Орталық – Батыс” күре жолы құрылысының стратегиялық маңызы өте зор», – деді ол.

Қазақстанның халықаралық транзиттік әлеуеті де атап өтілді.

«Біз ел шекарасынан тыс жерді де қамтитын кең ауқымды көлік жүйесін құра алдық. Қазақстан мұхит жолдарынан тысқары тұрса да, Сары теңіз бен Қара теңіздің арасында жүк терминалдарының желісін қалыптастырды. Еліміздің аумағы арқылы өтетін 12 халықаралық көлік дәлізі, атап айтқанда, 5 темір жол, 7 автокөлік дәлізі бар. Қытай мен Еуропа арасында құрлықпен жеткізілетін жүктің шамамен 85 пайызы осы жолдармен тасымалданады», – деді Мемлекет басшысы.

Алайда саладағы бәсекенің күшейіп келе жатқанын да атап өтті.

«Әрине, мұның бәрі – табысқа оп-оңай жете қоямыз деген сөз емес. Бұл саладағы бәсеке күшейіп келеді. Себебі көлік және логистика мәселесі геосаясаттың ажырамас бөлігіне айналды. Осы тақырып жоғары деңгейдегі келіссөздердің күн тәртібіне біржола енді. Сондықтан, Қазақстан үшін де оның айрықша маңызы бар», – деді Президент.

Қазақстанның ірі халықаралық жобаларға қатысуы да айтылды.

«Еліміз Қытайдың “Бір белдеу – бір жол” атты мегажобасын, “Солтүстік – Оңтүстік” дәлізін және Транскаспий көлік бағытын, яғни, “Орта дәлізді” дамытуға белсене атсалысып келеді. “Ресей – Қазақстан – Түрікменстан – Иран” бағытымен теңіз айлақтарына шығып, жүк тасымалдаудың болашағы зор деп санаймыз. “Орта дәліздің” жұмысына Қытайдың қосылуын құптаймыз», – деді ол.

Сала инфрақұрылымы мен цифрлық жүйеге де ерекше назар аударылды.

«Жалпы, бұл саланың әлеуеті өте жоғары. Мұнда тек инфрақұрылым туралы сөз болып отырған жоқ. Экономиканың барлық дерлік секторы осы іргелі салаға келіп тоғысады. Сондықтан, Үкіметтің алдына заманауи инженерлік және сервистік инфрақұрылымы бар көлік-логистика тораптарын салу, теңіз порттарын, әуежайлар мен теміржол вокзалдарын жаңғыртып жөндеу, сондай-ақ тиімді цифрлық экожүйе қалыптастыру міндеті қойылды», – деді Мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз: Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты - Қасым-Жомарт Тоқаев

Новости партнеров