Қазақстандық оқушылар физикадан тарихи жетістікке жетті

15.07.2026 16:32

Қазақстандық жас физиктер әлемді мойындатты

Қазақстандық оқушылар физикадан халықаралық білім додасында ел тарихындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді. Колумбияның Букараманга қаласында өткен жарыста ұлттық құраманың бес бірдей мүшесі алтын медаль жеңіп алды. Ел мерейін үстем еткен өрендер бүгін Алматыға ұшып келді. Жеңімпаздарды әуежайдан жақындары, ұстаздары және Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қарсы алып, алғыс хаттармен марапаттады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Бүгін Алматы халықаралық әуежайы жас физиктерді қарсы алуға келген жұртшылыққа толды. Білім бәйгесінде топ жарған өрендерді туған-туыстары, ұстаздары мен достары әсем әуенмен, тәтті күймен күтіп алды. Гүл шоқтарын ұсынып, ыстық ықыластарын білдірді. Қуанышқа толы сәтте жеңімпаздардың жүзінен толқу мен мақтаныш сезімі қатар байқалды. Тарихи жеңіске жеткендеріне әлі де сенер-сенбестерін білмей тұр.

«Біз күміс медаль аламыз деп ойладық. Өз атымызды күтіп тұрдық. Сол кезде бізді күміс медаль алуға шақырмағанда, алтын алғанымызды түсіндік. Біз бәріміз орнымыздан тұрып, бір-бірімізді құшақтап, секіріп қуандық. Менің тіпті жылағым келді», – деді Дамир Құрман, жеңімпаз.

«Бұл олимпиада – физика пәні бойынша ең жоғары деңгейдегі жарыс. Яғни, оған әлемнің түкпір-түкпірінен ең мықты оқушылар келеді. Сондықтан өте бақыттымын. Медаль алған күні сезімімді сөзбен жеткізу қиын болды. Өзімді ерекше сезіндім», – деді Нұргүл Егенбергенова, жеңімпаз.

Жалпы, биыл олимпиадаға әлемнің 85 елінен 381 оқушы қатысқан. Олар күрделі теориялық және эксперименттік тапсырмаларды орындап, білімдерін сынға салды. Өрендерді тарихи жеңіспен құттықтауға арнайы келген Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, бұл қуанышты жетістік – білім саласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар мен дарынды балаларды қолдауға арналған мемлекеттік жобалардың нәтижесі.

«Дарынды балаларды қолдауға байланысты мемлекетімізде жүйелі қолдау шаралары жүзеге асырылып келеді. Бұл – еліміздегі дарынды балаларды қолдауға арналған жүйелі жұмыстың нәтижесін бергенінің дәлелі. Бәрінің бірдей алтын медаль алуы – бұрын-соңды болмаған тарихи жетістік. Бұл – алғашқы осындай нәтиже. Менің ойымша, біздің елімізде дарынды балалар өте көп. Халықаралық беделді саналатын осы физика олимпиадасына ереже бойынша небәрі бес оқушы ғана қатыса алады», – деді Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі.

Ұлттық құрама жетекшілерінің сөзінше, қатысушылар үш жыл бойы жүйелі түрде дайындалған. Командамен мектеп мұғалімдері, тәлімгерлер және ұлттық құраманың жаттықтырушылары жұмыс істеген. Бүгінде ұстаздар қауымының қуанышында шек жоқ.

«Команда бұл жеңіске өте ұзақ дайындалды. Бұл – табандылықпен жеткен жеңіс. Сондықтан да қатты қобалжып жүрміз. Олар Колумбияда болған кезде де тілеулес болып, үнемі хабарласып отырдық. Халықтың бәрі қуанып жатыр. Егер осы жеңіске біздің де тамшыдай үлесіміз болса, оны елімізге жасаған тартуымыз деп білеміз. Біз өте ризамыз. Ұстаз ретінде миссиямыз орындалды деп есептейміз», – деді Гүлия Нұрбақова, ұлттық құрама жетекшісі.

Айта кетейік, Халықаралық физика олимпиадасы 1967 жылдан бері өткізіліп келеді. Қазақстан бұл білім додасына 1997 жылдан бері тұрақты қатысады. Мәселен, былтыр ұлттық құрама екі күміс және үш қола медаль жеңіп алған болса, биыл бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізіп отыр.

Диана Тұрлыбек, Ғани Қалуов, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Құрылтай сайлауы: кандидаттарды ұсыну кезеңі аяқталды