Құрылтай сайлауы: кандидаттарды ұсыну кезеңі аяқталды

Қазір барлық құжат мемлекеттік органдарға тексеруге жолданған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Құрылтай сайлауына қатысу үшін 7 саяси партия кандидаттар тізімін ұсынды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, ең көп үміткер ұсынған – «Әділет» партиясы. Олардың тізімінде 186 адам бар.

Ал ең аз кандидат ұсынған – Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы. Оның тізіміне 33 үміткер енгізілген.

«Байтақ» жасылдар партиясы 47, ал «Ақ жол», «Ауыл», Қазақстанның халық партиясы және «Respublica» партиялары 60-тан астам үміткер ұсынған.

Заңнамаға сәйкес, әрбір партиялық тізімнің кемінде 30 пайызын әйелдер, жастар және мүгедектігі бар азаматтар құрауы тиіс.

Депутаттыққа кандидаттарды ұсыну кезеңі аяқталды. Қазір барлық құжат мемлекеттік органдарға тексеруге жолданған. Орталық сайлау комиссиясында үміткердің дауыс беруге екі күн қалғанға дейін саяси науқанға қатысудан өз еркімен бас тарта алатыны айтылды.

«Үміткер Орталық сайлау комиссиясына жазбаша өтінішпен жүгіне алады. Бұл жағдайда Орталық сайлау комиссиясы оны партиялық тізімнен шығару туралы шешім қабылдайды. Бірақ мұнда бір маңызды жайт бар: дауыс беру күніне екі күн қалғанда қатысушыларға сайлаудан өз кандидатурасын қайтарып алуға рұқсат етілмейді», – деді Шавхат Өтемісов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы.

Оқи отырыңыз. ШҚО-да Рахман қайнарына баратын жол қайта салынып жатыр