Қазақстандық онкологтар сүт безін қалпына келтірудің жаңа әдісін енгізді

19.11.2026 12:52

Қазақстандық хирургтер 120-дан астам реконструкциялық операция жасады

t.me/DenMinPR

Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығының мамандары сүт безін қалпына келтіру операцияларында отандық биоматериалды қолдана бастады. Бір жарым жыл ішінде хирургтер ісікті алып тастаумен қатар, 120-дан астам пациентке бір мезгілде реконструкциялық операция жасаған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жаңа әдіс сүт безі обырына шалдыққан әйелдерге бір операция барысында ісікті алып тастап, имплант көмегімен сүт безінің пішінін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл пациенттердің емнен кейінгі өмір сапасын сақтауға бағытталған.

«Әйел адам үшін емнің қаншалықты сәтті өткені ғана емес, операциядан кейін өзін қалай сезінетіні де маңызды. Бір мезгілде реконструкция жасау ісікті алып тастау мен сүт безін қалпына келтіруді бір хирургиялық араласу аясында орындауға мүмкіндік береді. Бұл – пациентке көрсетілетін кешенді көмектің маңызды бөлігі», – дейді ҰҒОО тері және жұмсақ тіндер ісіктері, реконструктивті хирургия секторының аға ординаторы Бауыржан Әнапия.

Имплантты бекітіп, тіндерге қажетті қолдау көрсету үшін әлемдік тәжірибеде арнайы торлар мен биологиялық матрицалар қолданылады. Алайда олардың шетелдік баламалары қымбат болғандықтан, ҰҒОО мамандары отандық өнімді пайдалануды қолға алған.

Атап айтқанда, хирургтер қазақстандық X-Matrix компаниясы өндіретін коллагенді қаңқаны – жануар текті ацеллюлярлы ксеногендік X-Graft матриксін қолданады. Бұған дейін бұл материал негізінен күйік пен жараларды емдеуде пайдаланылған. Ал оны реконструктивті хирургияда қолдану үшін мамандар арнайы әдістеме әзірлеп, Қазақстан Республикасының №11199 пайдалы модель патентімен қорғаған.

«Біздің мақсатымыз импорттық материалды отандық өніммен жай ғана алмастыру емес еді. Оны нақты хирургиялық міндетке бейімдеу, яғни имплантқа қажетті тірек қалыптастырып, тіндердің қалпына келуіне жағдай жасау қажет болды. Осы мақсатта оны қолданудың өзіндік әдістемесін әзірлеп, тәжірибеге енгіздік», – дейді хирург.

Бір жарым жылдық бағдарлама аясында отандық матриксті пайдаланып, 120-дан астам реконструкциялық операция жасалған. 2026 жылғы шілдеде материал медициналық бұйым ретінде мемлекеттік тіркеуден өтті. Бұл технологияны ғылыми жоба аясынан тыс, еліміздің өзге медициналық ұйымдарында да қолдануға мүмкіндік береді.

«Біз маңызды кезеңнен өттік: отандық матрикс мемлекеттік тіркеуден өтті және енді клиникалық тәжірибеде қолданыла алады. Алайда жұмысымыз мұнымен аяқталмайды. Алдағы уақытта пациенттерді бақылауды жалғастырып, ұзақ мерзімді нәтижелер мен технологияның экономикалық тиімділігін бағалауымыз қажет. Болашақта мұндай реконструкциялық операциялар Астана қаласында ғана емес, Қазақстанның өзге өңірлеріндегі әйелдерге де қолжетімді болғанын қалаймыз», – деп атап өтті Бауыржан Әнапия.

Оқи отырыңыз: Спорт саласындағы өзгерістер: 8 млрд теңгеден астам қаражат үнемделді

Толық көрсету