Қазақстандық полицей әлем чемпионатында екі қола медаль иеленді
Әлем біріншілігі Қырғыз Республикасының Ыстықкөл облысы Бостери ауылында өтті
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қаржымен қамтамасыз ету басқармасының бастығы Павел Обедков стритлифтинг және көлбеу орындықта штанга жимінен өткен WSLF 2026 әлем чемпионатында екі қола медальді қанжығасына байлады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Әлем біріншілігі 8-12 қыркүйек аралығында Қырғыз Республикасының Ыстықкөл облысы Бостери ауылында өтті. Павел Қазақстан Республикасының құрама командасы сапында өнер көрсетіп, халықаралық спорт аренасында еліміздің намысын қорғады.
Жарыс қорытындысы бойынша ШҚО ПД қызметкері екі санат бойынша қола жүлдеге ие болып, өзінің күш-қуатын, төзімділігін және жоғары дене дайындығын көрсетті.
Полиция қызметкерінің халықаралық деңгейдегі жарысқа қатысуы ведомстволық спортты дамыту және Қазақстан Республикасы ІІМ-нің “ARLAN” спорт клубының қызметі аясында жүзеге асты.
Құқық қорғау органдары қызметкерлері үшін спорт — тек жарыс пен жеке жетістік қана емес. Тұрақты жаттығу дене дайындығын шыңдап, тәртіптілікке, мақсатқа ұмтылуға және мінезді қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл қасиеттер күнделікті қызметте де маңызды.
Полицейдің бұл жеңісі кәсіби қызмет пен спортқа деген қызығушылықтың жоғары нәтижелерге жетуге және ведомство мен ел намысын халықаралық аренада лайықты қорғауға мүмкіндік беретінінің жарқын мысалы болды.
Оқи отырыңыз: Алматыда Төле би көшесінің бірқатар бөлігінде көлік қозғалысы шектеледі