Қазақстандықтар "әдемі" нөмірге онлайн тапсырыс бере ала алады

Нөмірлердің ең төменгі бағасы 10 айлық есептік көрсеткіштен басталады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Автокөлік иелеріне нөмірдегі сандар мен әріптерді қалауынша таңдау мүмкіндігі берілгелі Алматыда 19 мыңнан аса өтініш түскен. 5 қаңтардан бастап іске қосылған жаңа жүйе алматылық жүргізушілер арасында үлкен қызығушылық тудырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Соңғы күндері қазақстандықтар арасында көлік нөмірін ауыстырып, өзіне ұнағанын алуға қызығушылық артқан. Ресми мәліметке сәйкес, 5 қаңтардан бері бұл қызметке 60 мыңға жуық адам өтініш берген. Соның ішінде әзірге 27 мың азамат қалаған нөмірін алып үлгерді.

Жаңа мүмкіндікті пайдаланғандардың бірі – Батыр Сейсембек. Ол бұл қызметтің ыңғайлы екенін айтып, көптен бері ойында жүрген арманының орындалғанын жеткізді. Айтуынша, жүйенің жеңіл әрі қолжетімді болуы көлік иелеріне өз нөмірін еркін таңдауға жол ашып отыр.

«Қазір керемет мүмкіндік пайда болды, мен соны пайдаландым. Шамамен 40 мың теңге төледім. Өзің қалаған нөмірді қолыңа алып, көлігіңе таққан сәттегі сезімді сөзбен жеткізе алмаймын. Мен бәрін eGov арқылы жасадым. Өтінім бердім, ол өңделді, кейін белгілі бір уақыт күту керегін айтты. Біраз уақыттан соң хабарлама келді», – деді қала тұрғыны Батыр Сейсембек.

Жаңа қызмет іске қосылған алғашқы күні-ақ 11 мыңға жуық өтініш түсіпті. Арада бір апта өтсе де, қызметке деген сұраныс азайған жоқ. Көпшілік ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі тұрғындарға қолайлы болу үшін аталған қызметті онлайн алуға мүмкіндік бар екенін мәлімдеді.

«Қолайлы жағдай жасау мақсатында 1 каңтардан бастап азаматтарға кез келген қажетті цифрлық және әріптік белгілері бар МТНБ-ны еркін таңдау мүмкіндігі ұсынылды. МТНБ таңдау үшін азаматтар қызметті Арнайы ХҚКО арқылы, сондай-ақ EGOV және екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы пайдалана алады», – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі aға инспекторы Ақтоты Боранова.

Айта кетейік, нөмірлердің ең төменгі бағасы 10 айлық есептік көрсеткіштен басталады. Бұл шамамен – 43 мың теңге. Осы сомаға жүргізуші бос тұрған кез келген әріп пен сан комбинациясын таңдай алады. Ал егер 515 сынды қайталанбас сандарды алғысы келсе, оның құны шамамен 65 мың теңгеге дейін өседі.

Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Қазақстанда қандай дәрі-дәрмек және медициналық қызмет түрлері қосымша құн салығынан босатылды

Новости партнеров