Қазақстандықтар қияр мен қызанақ тұздауға қанша теңге жұмсайды

29.08.2026 17:56

Қазір базарда көкөніс мол әрі жергілікті өнім де пісті

Depositphotos.com

Жаздың соңы қыс бойы босап қалған банкаларды шығарып, қайта дайындалатын кез, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап.

Қазір базарда көкөніс мол әрі жергілікті өнім де пісті. Қысқа дайындалар шақ осы. Әсіресе қияр мен қызанақты тұздап, ұзақ мерзімге сақтауға болады. Бұл қыстың аязы мен борынында ыстық тамаққа қосып жеуге болатын таптырмас көкөніс.

Өз бақшаңыз немесе саяжайыңыздың болғаны жақсы. Мұндай жағдайда тұздауға қажетті дүниенің барлығын дерлік өз бақшаңыздан таба аласыз. Соның ішінде қияр, қызанақ, желкек жапырағы мен аскөк бар. (Әрине, мұның бәрін өсіруге қанша ақша, күш пен уақыт жұмсағаныңызды ескерсек!) Тұздауға арналған банкаларды да сақтап қойған болсаңыз, тек тұз, қант пен бұрышқа ақша жұмсайсыз.

Көбіне қала тұрғындарының өмірі қарбаласқа толы, уақыт тапшы. Жұмысбастылық оң мен солға қарауға мұрша бермей жатады. Сондықтан басым бөлігі көкөністі сатып алып, тұздайды. Қазақстан нарығы тұтынушыларға қандай мүмкіндік ұсынатынын қарастырып көрейік.

Қияр мен қызанақ тұздау қоспасы

Тұз, сірке қышқылы және өзге де қоспаларды таңдау көбіне қияр мен қызанақ тұздау тәсіліне қарай өзгеріп отырады. Сондықтан алдымен нақты тәсілді анықтап алған дұрыс. Ең қарапайым тәсілі: үш литрлік банкаға қияр мен қызанақ тұздау үшін алдымен 1,5–2 келі көкөніс керек. Әрі қарай екі ас қасық тұз, бір ас қасық қант, үш түйір сарымсақ, бір түп аскөк, қарақат, шие және желкек жапырағы, 5 түйір қара бұрыш және 9 пайыздық 70 мл сірке суы қажет. Оған шамамен бір жарым литр су құяды.

Ендеше 10 келі қияр мен 10 келі қызанақты үш литрлік банкаға жабу үшін қанша ақша керек екенін есептеп көрейік. Жалпы 20 келі көкөніске 10 банка қажет болады.

Банка бағасы қанша?

Алдымен тұздауға арналған банка мен қақпақтарға қанша ақша кететінін анықтап алайық. Маркетплейстерде үш литрлік банкалардың бағасы сұранысқа қарай көтерілген. Біреуінің құны 1 763, 1 988, 2 600 теңге, тіпті одан да жоғары болып тұр. Сондықтан банкаларды қарапайым адамдардан, яғни «қолдан» сатып алған тиімді. OLX сайтында мұндай хабарландыру өте көп. Үш литрлік банканың бағасы 200 теңгеден басталып, 350 теңгеге дейін барады. Бұл банкаларды бұған дейін де қияр мен қызанақ тұздағанда пайдаланылған болуы мүмкін. Оны жуып, зарарсыздандырып қолдауға болады. Есептей келе үш литрлік 10 банкаға кем дегенде 2 000 — 3 500 теңге керек екенін білдік. Тұздауға арналған 50 қақпақтың орташа бағасы 1 359 — 2 945 теңге аралығында. Бір қақпақтың бағасы — 27 — 59 теңге. 10 қақпаққа 270-590 теңге жұмсалады.

Көкөніс пен дәмдеуіштің бағасы

Егер өзіңізде саяжай болмаса тұздауға арналған қияр мен қызанақты сатып алуға тура келеді. Ол үшін жергілікті бағбандар өсірген көкөністі таңдаған дұрыс. Мұндай өнімді кез келген базардан кездестіруге болады. Үйде өсірілген қияр мен қызанақты OLX сайтындағы хабарландырудан да кезіктірдік. Онда қиярдың келісі 400 — 1 000 теңге, ал қызанақтың келісі 500 — 1 000 теңге аралығында. Базарда баға келісіне 800 — 1 000 теңге аралығында. Дүкенде көкөністің сұрпына және қайда өсірілгеніне қарай баға төмен болуы мүмкін. Онда қиярдың орташа бағасы келісіне 380 — 1200 теңге аралығында. Ал қызанақты 500 — 1 200 теңгеге сатып алуға болады. Осылайша 10 келі қияр 4 000 — 10 000 теңге, ал 10 келі қызанақ 5 000 — 10 000 теңге тұрады.

Тұздауды ұнататындар пішіні біркелкі әрі тығыз қиярды таңдауға кеңес береді. Алдымен көкөністі мұқият жуып, салқын суға бірнеше сағатқа салып қойған жөн. Сонда қияр да күтірлеп тұрады. Тұздауға арналған қызанақ та қатты әрі таза болуы керек. Тым жұмсақ болса пішінін жоғалтуы мүмкін.

Бір келі сарымсақтың да бағасы әртүрлі. Келісі 699 теңгеден басталып, 2 200 теңгеге дейін жетті. Бір келі сарымсақ алсақ 20-33 бас немесе 165-250 түйір болады. Бізге 30 түйір сарымсақ жеткілікті. Бұл шамамен — 150-200 грамм. Оның құны 139-440 теңге болады. Сонымен қатар тұздауға аскөк, шие, қарақат және желкек жапырақтары қажет. Оларды әдетте бір бума етіп сатады. Бір буманың бағасы 250-500 теңге аралығында. 10 банкаға екі жинақ жеткілікті болады. Оған 500-1000 теңге жұмсаймыз.

Тұздық дайындау үшін қант (1 келі — 360-550 теңге), тұз (1 келі — 78-129 теңге), сірке суы (9%, 500 мл — 420 теңге), түйіршіктелген қара бұрыш (40 г — 860 теңге) қажет. 10 банкаға 200 грамм қант, 400 грамм тұз және 700 мл сірке суы жұмсалады. Қант пен тұзды жарты келіден сатып алсақ тұздыққа орта есеппен 1 919 — 2 039 теңге қажет. Жалпы алғанда үш литрлік 10 банкаға қияр мен қызанақ тұздауға кем дегенде 13 828 теңге, ал таңдауға ерік берсек 27 569 теңге ақша кетеді.

Оқи отырыңыз: Балалардың терезеден құлау қаупінің қалай алдын алуға болады

Толық көрсету