Қазақстандықтарға скрининг туралы хабарлама 1414 нөмірінен жіберіле бастайды
SMS алған азамат өзі тіркелген емханаға барып, тексеруден өте алады
Қазақстанда азаматтарға профилактикалық тексеруден өту қажеттігі мен алған екпелері туралы SMS-хабарлама жіберіледі. Скрининг туралы ескертулер 19 қазаннан бастап үш өңірде пилоттық режимде іске қосылса, вакцинация туралы хабарламалар 26 қазаннан бастап еліміздің барлық өңіріне жіберіледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, алғашқы кезеңде Ақмола, Абай және Ұлытау облыстарының тұрғындарына 1414 нөмірі арқылы скринингтен өту қажеттігі туралы хабарлама келеді. Жүйе жүрек-қантамыр ауруларын, қатерлі ісікті, қант диабетін, ми қанайналымының бұзылуын және вирустық гепатиттерді ерте анықтауға арналған алты бағыт бойынша тексеруден өтуі қажет азаматтарды автоматты түрде анықтайды.
SMS алған азамат өзі тіркелген емханаға барып, тексеруден өте алады.
Ал 26 қазаннан бастап азаматтарға және балалардың заңды өкілдеріне жасалған екпелер туралы да хабарлама жіберу жоспарланған. SMS-те вакцинаның атауы мен егілген күні көрсетіледі.
Егер хабарламадағы ақпарат шындыққа сәйкес келмесе, азамат 1414 нөміріне жауап SMS жіберіп, бұл туралы хабарлай алады. Мәліметтер тексеру үшін Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне жолданады.
Медициналық қызметтер де цифрлық бақылауға алынады
Денсаулық сақтау министрлігі көрсетілген медициналық қызметтерді растауға арналған цифрлық сәйкестендіру жүйесін де кеңейтіп жатыр. 7 қазандағы мәлімет бойынша, тіркелген 135,9 млн қабылдаудың 73%-ы цифрлық сәйкестендіруден өткен.
Қазір жүйе медициналық қызметтің 1 278 түрін қамтиды. 1 желтоқсаннан бастап тізімге тағы 736 қызмет түрін қосу жоспарланған. Олардың қатарында дәрігер кеңестері, диагностикалық зерттеулер мен медициналық емшаралар бар.
Жаңа сервистер профилактикалық тексерулерден уақтылы өтуге көмектесіп, медициналық деректердің дұрыстығы мен көрсетілген қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Оқи отырыңыз: Павлодарда полицей жоғалып кеткен баланы тауып берді