Қазақстанның қандай киелі нысандары ЮНЕСКО тізіміне енді

Almaty.tv
Almaty.tv

Мемлекет басшысы ұлттық сана-сезімді қалыптастыру және тарихи жадымызды жаңғырту маңызды міндет екенін айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық сана-сезімді қалыптастыру және тарихи жадымызды жаңғырту маңызды міндет екенін айтты. 

"Тағы бір маңызды міндет — ұлттық сана-сезімді қалыптастыру және тарихи жадымызды жаңғырту. Бұл бағытта көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Мен де бұған дейін осы өзекті тақырыпқа байланысты біраз ойымды айттым. Біз төл мәдениетіміздің өрісін кеңейтіп, ұлт руханиятына өшпес із қалдырған дара тұлғалардың мұрасын дәріптеуге айрықша назар аударып отырмыз. Жұртымыздың жылнамасын түгендеп, Ұлы дала тарихын және Алтын Орда дәуірін терең зерттеп жатырмыз", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы биыл 22 жылға созылған үзілістен кейін Қазақстанның бірқатар киелі нысаны ЮНЕСКО-ның мұралар тізіміне енгізілгенін атап өтті. 

"Бұл тізімге Маңғыстау облысындағы бірегей нысандар да енді. Жаркент мешіті мен Вознесенск шіркеуі секілді екі бірегей ескерткіштің ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізбесіне алдын ала енгізілуі тағы бір маңызды қадам болды. Сәулет өнерінің осынау жауһарлары — Қазақстанның мәдени әралуандығын паш етеді, сондай-ақ елімізде ғұмыр кешіп жатқан барлық этностың тарихына және рухани мұрасына ұқыпты әрі құрметпен қарайтынымызды айғақтайды", — деді Президент.

Мемлекет басшысы тарихты дұрыс тани білу – ең қажетті дағды екенін баса айтты.

"Өткенге өкпе арту – болашаққа балта шабумен тең әрекет. Айналасына кінә тағып, үнемі жұбаныш іздеп жүретін адамның да, ұлттың да келешегі бұлыңғыр болады. Мұндай кертартпа әдеттерден аулақ болу керек.
Күнделікті өмірде де мұңға батпай, еңсені тік ұстап жүрген жөн. Өскелең ұрпақты жасық, кінәмшіл, уайымшыл мінезден сақтау қажет. Олар ұлтының тарихын мақтан етіп, еліміздің болашағына сеніммен қарауы керек.
Қазақтың біртуар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген жақсы сөзі бар. Ұрпақ тәрбиесі – ел болашағының кепілі. Сондықтан біз қазір «Адал Азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Бұл жұмысқа атүсті қарамай, сапалы атқару керек.  Қазақ қилы замандардан қайыспай өткен, өр рухын жықпаған, қайсар, жігерлі ұлт болған. Біз ата дәстүрімізді, асыл дінімізді, ана тілімізді, бірегей болмысымызды сақтай отырып, жаңашылдыққа, жасампаздыққа ұмтылуымыз қажет.
Тұтас елімізге көлеңкесін түсіретін жат ағымдарға, қараңғылықтан басқа берері жоқ ескілік ұстанымдарына қатаң тосқауыл қоюымыз керек. Ұлт болып ұйысып, қоғамда жаңа этика қалыптастыруымыз қажет", - деді Мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз: Тазалықты ұлттық брендке айналдыруымыз керек - Президент