Қазақстанның көмір қоры неше жылға жетеді

Президент Үкіметке көмір энергетикасын дамытуға бағытталған Ұлттық жоба қабылдауды тапсырған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанның көмір қоры 300 жылға дейін жетеді. Қазірдің өзінде 33,6 миллиард тонна қатты отын бар. Үкімет көмір энергетикасын дамытуға арналған Ұлттық жобаны қолға алып, 5 жылда 8 жаңа көмір стансасын салмақшы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Қазақстан көмір қоры бойынша әлемдегі жетекші 10 елдің қатарына кіреді. Десе де, Президент Үкіметке көмір энергетикасын дамытуға бағытталған Ұлттық жоба қабылдауды тапсырған еді. Олжас Бектеновтің командасы бұл іске білек сыбана кіріскен. Салаға жауапты министр Ерлан Ақкенженов бағдарлама аясында «таза көмір» технологиясы енгізілетінін жеткізді. Сөзінше, жаңа технологиямен жабдықталған экологияға зияны аз стансалар салынады. Көмір энергетикасы жаңа деңгейге өтеді. Мұндай механизмді Қытай, АҚШ, Үндістан, Оңтүстік Корея сияқты елдер қолданып келеді.

«Аталған шараларды іске асыру көмір генерациясының сапалы жаңа технологиялық деңгейге өтуін қамтамасыз етуге, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және экономикалық даму мен экологиялық талаптар арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Елімізде көмір арқылы электр энергиясын алатын стансалар салынып жатыр. «Самұрық-Энерго» 4 ірі жобаны қолға алған. Министрден кейін сөз алған компанияның басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов осылай деді.

«Екібастұз ГРЭС-тің №3 және №4 энергия блоктарын салу арқылы МАЭС-2-ні кеңейту және реконструкциялау. Көкшетау, Семей және Өскеменде жылу электр орталықтарын салу жоспарланған», деді  «Самұрық-Энерго» компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов.

Рұқсатын алып, тап-тұйнақтай жазылған баяндамасын бас алмай оқып шыққан Мақсұтов компания Президент пен Үкімет тапсырған көмір жобаларын мерзімінде орындайтынын айтып, сөзін аяқтаған. Алайда Олжас Бектенов күтпеген жерден Алматыдағы екі жылу электр орталығындағы жаңғырту жұмыстарының қалай жүріп жатқанын сұрады. Қайрат Мақсұтов шама-шарқынша ақпарат беруге тырысқанымен, оның жауабы Премьердің көңілінен шықпады.

«Маған жұмыс қарқыны төмендеп кеткені жайлы ақпарат түсті. Роман Васильевич, өзіңіз барып тексеріңіз, сосын нәтижесін маған баяндаңыз. Объективті ақпарат керек», деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Қазақ даласында өндірілген миллиондаған тонна көмір Ресей, Польша, Өзбекстан, Түркия, Үндістан және Малайзияға сатылады. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов биыл шамамен 129 миллион тонна қатты отын қазып, салаға 553 миллиард теңге инвестиция тартуға бекініп отыр. Ал отырыс соңында сөз алған Олжас Бектенов жауаптыларға көмір энергетикасын дамытуға бағытталған Ұлттық жобаның орындалуын ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Аршат Әділжанқызы, Астанадан

Оқи отырыңыз: Қазақстан көмір қоры бойынша әлемдегі жетекші 10 елдің қатарына кіреді

Новости партнеров