Қазақ тазылары Астанадағы көрмеде FCI президентін таңғалдырды

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Бір шаңырақ астында тек Қазақстаннан емес, өзге елдерден де келген жүздеген ит жиналды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада жүздеген қатысушының басын қосып, әлемдік кинологиялық қауымдастықтың назарын аударған "Astana Winner 2026" халықаралық иттер көрмесі өтіп жатыр. Көрменің басты қонақтарының бірі – Қазақстанға алғаш рет келген Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) президенті Тамаш Яккель, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Тengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Көрме 2–3 мамыр аралығында EXPO халықаралық көрме орталығында өтіп жатыр.

Бір шаңырақ астында тек Қазақстаннан емес, өзге елдерден де келген жүздеген ит жиналды. Софит жарығында иттердің жүні жылтырап, айналада қатысушылардың толқынысы сезіледі.  Ал Венгрия, Швейцария және Қытайдан келген халықаралық сарапшылар әр тұқымды мұқият бақылап, бағалап жатыр.

Биыл көрмеге әртүрлі тұқымды 350-ден астам ит қатысып жатыр. Бірақ басты назар Қазақстанның ұлттық мақтанышы - қазақ тазысына ауды. Аренаға дала тынысы мен тұқымның сан ғасырлық тарихын паш еткен 60-тан астам сымбатты да жүйрік тазы жиналды.

"Отбасымызға қош келдіңіздер"

FCI президенті Тамаш Яккель Қазақстанның халықаралық кинологиялық жүйеге енуі көпжылдық жұмыстың маңызды кезеңі болғанын атап өтті.

"FCI президенті ретінде Қазақстанды ұйымның толыққанды мүшесі ретінде құттықтағым келеді. Біздің отбасымызға қош келдіңіздер", - деді ол іс-шарада.

Оның айтуынша, Қазақстан кинологтар одағы - жас болса да мықты ұйым.

"Бұл салыстырмалы түрде жас ұйым, бірақ онда өте еңбекқор және өз ісіне берілген адамдар жұмыс істейді", - деді Яккель.

Ол Қазақстанмен ынтымақтастықтың бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқанын, соның ішінде қазақ тазысын халықаралық деңгейде тану бағытындағы жұмыстарды атап өтті.

"Біз бұған дейін Қазақстан кинологтар одағымен бірлесіп жұмыс істедік, тазы тұқымын толық мойындату үшін қажетті барлық рәсімді талқыладық. Бұл жұмыстың әрі қарай жалғасуын қуана күтемін", - деді ол.

"Мен мұншалықты көп тазыны ешқашан көрген емеспін"

Қазақ тазылары FCI басшысына күшті әсер сыйлады.

"Бүгін мұнда тазы тұқымды 60-тан аса ит ұсынылған, мен мұншалықты көп тазыны ешқашан көрген емеспін", - деп ағынан жарылды ол.

Яккель мұндай іс-шаралар тәжірибе алмасу тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.

"Бұл елдегі кинология мен тұқымдардың дамуы туралы толық түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бірақ иттер көрмесі - бұл жай ғана сұлулық байқауы емес. Бұл - қарым-қатынас орнату, танысу, тәжірибе алмасу және тұқымдардың болашақ дамуын талқылау орны", - деп толықтырды ол.

Ол Қазақстанға сапары өзі үшін айтулы оқиға болғанын, өйткені 104 ел мен 5 континентті біріктіретін FCI президенті мәртебесінде Қазақстанға алғаш рет келіп отырғанын баса айтты.

Федерация басшысы қазақстандық кинологиялық жүйені тану жолы ұзақ болғанын еске салды.

"Қазақстан ресми түрде танылып, әлемдік кинологиялық қауымдастық картасынан өз орнын алды. Маған осы тұқымның алғашқы төрешілерінің бірі болу бақыты бұйырды", - деді Яккель.

Оның айтуынша, ұлттық асыл тұқымды кітапты дайындау жұмыстары маңызды рөл атқарды, бұл Қазақстанды әлемдік кинология картасына шығаруға мүмкіндік берді.

Оқи отырыңыз: Қазақ тазысы ұлттық мәдени мұраның бір бөлігі саналады - Тамаш Яккель

Новости партнеров