Қажылыққа барған 600-дей қазақстандық елге оралды

04.03.2026 15:11

Отандастарымызды елге жеткізу үшін 4 рейс ұйымдастырылған

Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты отандастарымыз елге жеткізіліп жатыр. Түнде Сауд Арабиясына қажылыққа барған 600-дей қазақстандық аман-есен елге оралды, деп хабарлайды Almaty.tv  

Олар Атырау қаласына арнайы чартерлік рейстермен жеткізілді. Әр өңірден құлшылыққа аттанған жандар елге келген соң әрі қарай таңғы рейстермен Алматы, Астана, Шымкент қалаларына ұшып кетті. Әуежайда жолаушылар үшін ыстық тағамдар мен демалу орындары әзірленген.

Сағат түнгі 2:00. Әуежай іші абыр-сабыр. Дайындық қызу. Меккеге қажылыққа барған отандастарымыз мінген ұшақ Атырау әуежайына аман-есен жетті. Үрей мен қорқыныш басым. Табандары туған топыраққа тиген қазақстандықтар көздеріне жас алып, жақындарымен қауышқандарына риза.

«Мемлекет басшымыздың арқасы елге жеттік. Едәуір әбіржіп қалдық. Қиын жағдайда мән беріп, біздің елге оралуымызға жағдай жасағандарыңызға рақмет айтамыз! Ең алғаш әбден ұшаққа отырар кезде естідік. Үш күн жаттық», – деді жолаушы Мәулімхан Қазыкен.

Қажылыққа кеткендердің арасында Алматы, Шымкент, Астана және елдің басқа аймақтарының тұрғындары бар. Жолаушылар «Мекке, Жиддә және Мединада жағдай тыныш, ешқандай дүрбелең жоқ» деп отыр. Бірақ елге жеткенше қорыққандарын жасырмайды.

«Үйдегілер, әке -шешең хабарласады. Уайымдайды. Аллаға шүкір, мемелекет жағдай жасап, елге оралдық. Үрей болды. Қорқасың ғой, бастысы елге жетіп алуды ойладық», – деді  жолаушы Аллаберген Бархат.

«Бірінші естігенде қорықтық. Қазақстандықтар елге алып кететініне сеніп, бір-бірімізге қолдау бңлдңрңдңк. Шүкір, елге келдік», – деді жолаушы Шахназ Қошақова.

Қажылыққа кеткен отандастарымызды елге жеткізу үшін 4 рейс ұйымдастырылған. Олардың үшеуі Атырауға, біреуі Ақтауға қонды. Туристік агенттік арқылы қажылыққа барған жолаушыларды компания өкілдері күтіп алып, ыстық тамақпен әрі ары қарайғы жол сапарларын қамтамасыз етті.

«Ең маңыздысы – қауіпсіздік.  Әлем қозғала алмай, әуе кеңістіктері жабылып, әуе компаниялар ұша алмады. Сондықтан мұсылмандар сабырлқпен күтуге мәжбүр болды. Компания тарапынан төленді. Ескеретін жайт, туристік бағытта жұмыс істейтін компанияларда туркод ұғымы бар. Елімізден шыққан туристерге беріледі», – деді туристік агенттік өкілі Тұрсын Ахметов

Әуе компаниялары Таяу Шығыстағы ахуалды ескере отырып, азаматтарды елге қайтаруды одан әрі жалғастырады. Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, ұшақтан бөлек, жерлестеріміз құрлық арқылы да оралып жатыр.

Оқи отырыңыз: Рамазан: сауапты қандай амал жояды