ҚМА: Өскеменде заңсыз алтын өндірген шенеунік пен серігі сотталды

Олар ауыр техникалар пайдаланылып, экологияға зиян келген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Өскеменде алтынды заңсыз өндіруді ұйымдастырған 2 азамат 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәлімдеуінше, сотталғандардың бірі – «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы филиалы директорының бұрынғы орынбасары, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қос азамат Ұлан ауданындағы Шыбынды учаскесінде заңсыз іс-әрекетін жүзеге асыру үшін өздеріне бағынысты жауапкершілігі шектеулі серіктестікті пайдаланған. Алайда серіктестіктің тек қатты пайдалы қазбаларды барлауға лицензиясы болған. Ал алтын өндіру жұмыстарына ауыр техникалар пайдаланылып, экологияға зиян келген. Сондай-ақ мемлекеттік орман қорына жататын ағаштар мен бұталар жойылған. Жалпы бүлінген жер аумағы 18 гектардан асқан. Осылайша, қаскөйлер құны 844 миллион теңге болатын 15 келіден аса алтын өндірген. Тергеу барысында оның 6 келіден астамы тәркіленді.

«Экологиялық залалды жоюға қажетті жұмыстардың құны 300 млн теңгеден асты. Сот шешімімен құны 372 млн теңге болатын мүлік тәркіленді. Оның ішінде 4 жүк көлігі, 2 экскаватор, 2 тиегіш, гидрожуу құрылғысы, сондай-ақ 10 млн теңге және 56 мың АҚШ доллары көлеміндегі қолма-қол ақша бар. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.

Оқи отырыңыз: Жыл соңына дейін тағы 10 өңірде цифрлық кеңсе ашылады - Жаслан Мәдиев