Кәмпит ішіндегі тосынсый: СҚО-да есірткі жеткізу әрекетінің жолы кесілді

Polisia.kz.
Polisia.kz.

Сотталғандардың бірінің атына келген сәлемдемені тексеру барысында қызметкерлердің күдігін карамель кәмпиттері тудырған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №51 мекеменің қызметкерлері тыйым салынған затты сәлемдеме арқылы жеткізу әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сотталғандардың бірінің атына келген сәлемдемені тексеру барысында қызметкерлердің күдігін карамель кәмпиттері тудырған. Мұқият қарау кезінде екі тәттінің ішінен қоңыр түсті ұнтаққа ұқсас зат салынған орамалар табылды.
Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген заттың опий екені анықталды. Есірткі затының жалпы салмағы 0,9 граммды құрады.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Аталған бап есірткі құралдарын заңсыз дайындау, алу, сақтау, тасымалдау немесе өткізу әрекеттерін көздейді. СҚО бойынша ҚАЖ департаментінің мәліметінше, бұл — биылғы жылдың басынан бері тіркелген алғашқы осындай дерек.

Сонымен қатар, өткен жылы №48 мекеме қызметкерлері тыйым салынған заттарды жеткізудің үш ұқсас әрекетінің алдын алған. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің аумағына тыйым салынған заттардың өткізілуіне жол бермеу және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасуда.

Дерекке: Polisia.kz 

Новости партнеров