Конституция жобасын азаматтар белсенді әрі саналы түрде талқылап жатыр
Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова жаңа Конституцияның жобасы әрі қарай да қоғамның көз алдында, ашық талқылана беретінін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап.
— Қазіргі таңда комиссия хатшылығына е-Өтініш платформасынан 4 мыңнан астам ұсыныс келгені белгілі болып отыр. Қоғам тарапынан көптеген оң пікір түсіп жатыр. Сонымен бірге Конституция жобасының жекелеген баптарының редакциясын жетілдіруге бағытталған нақты әрі мазмұнды ұсыныстар да келіп жатыр. Алдыңғы отырыста басталған пікір алмасуды жалғастырамыз, — деді ол.
Оның пайымдауынша, Конституция жобасын азаматтар белсенді әрі саналы түрде талқылап жатыр.
— Қоғаммен жүргізіліп отырған бұл ашық диалог жалғасады. Комиссия мүшелері жаңа Конституция жобасының ережелерін алдағы уақытта да нақты, мазмұнды және кәсіби деңгейде түсіндіруді жалғастырады, — деді Эльвира Әзімова.
Оқи отырыңыз: Мәдениет саласының өкілдері Конституцияның жаңа жобасын талқылады