Қолайсыз ауа райы: жолаушыларды тасымалдау үшін 13 қосымша пойыз іске қосылды

Ауа райының салдарынан тәулік басталғалы елордада 100-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада түнде жауған қар аралас жаңбырдан кейін қала көшелерін көктайғақ басты. Салдарынан әуежайда 14-ке жуық әуе рейсі кешігіп, бірқатары уақытша тоқтатылды. Қоғамдық көлік қозғалысында да іркілістер бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Астана көшелері бір түннің ішінде мұзды қалашыққа айналғандай. Түнде жауған жауынның соңы қалың көктайғаққа айналып, жаяу жүргіншілерге де, көлік тізгіндеген жүргізушілерге де айтарлықтай қиындық туғызуда. Ауа райының салдарынан тәулік басталғалы елордада 100-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Көктайғақ тек елордада ғана емес, еліміздің басым бөлігінде байқалуда. Қолайсыз ауа райы салдарынан республикалық маңызы бар 25 автожолда қозғалыс қиындап, уақытша жабылды. Осы шектеулер Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Жетісу және Қызылорда облыстарында тіркеліп отыр.

«30 желтоқсаннан бастап 3 қаңтар аралығында «Қазавтожол» ұлттық компаниясының жол бойындағы қызметі толыққанды күшейтілген режимге күшті. 2 мыңға жуық маман, мыңнан аса техника 5 күннің ішінде тоқтамай жұмыс істеп, жолдың жабынын барынша қардан, көктайғақтан таза ұстауға күшті бағыттайды», – деді «Қазавтожол» ұлттық компаниясының ресми өкілі Сәкен Ділдахмет.

Көктайғақ тіпті бірқатар әуе рейстерінің кешігуне әсер етті. Нақтырақ айтсақ Қарағанды, Шымкент, Атырау, Өскемен, Алматы, Петропавл, Ақтөбе және Мәскеу қалаларынан елордаға қатынауы тиіс 14 ұшақ уақытында жолаушыларды жеткізе алмай отыр. Сондай-ақ бір әуе рейсінің ұшуы кейінге қалдырылды. Ал Астанадан ұшып шығуы тиіс бес бес әуе кемесі белгіленген кесте бойынша ұша алмады. Осыған байланысты әуежай әкімшілігі күшейтілген жұмыс режиміне көшкенін мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта әуежай аумағында күрделі метео жағдай сақталуда. Бұл мұз қатқан жаңбыр жауып жатыр. Бұл рейстердің орындалуына әсер етуде. Әуежайдың барлық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті барлық шараларды қабылдап отыр. Жолаушылардан әуежайдың онлайн таблосындағы ақпартты сондай-ақ авиакомпаниялардың хабарламаларын қадағалап отыруды сұраймыз», – деді Астана халықаралық әуежайының ресми өкілі Науат Айтуғанова.

Жолдардың жабылуына байланысты өңірлер арасындағы көлік қатынасын қамтамасыз ету және жолаушыларды тасымалдау үшін 13 қосымша пойыз іске қосылды. Пойыздар Павлодар, Көкшетау, Атбасар және Қарағанды бағыттары бойынша жолаушыларды жеткізеді.

Оқи отырыңыз: Алматыдағы №4 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімшесі жұмысын қайта бастады

Новости партнеров