Қолында қару, жүрегінде жыр: сарбаздың сырлы әлемі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бір қолында – қару, бір қолында – қалам. Әскердегі қатаң тәртіпке қарамастан, өлең жазуға уақыт тауып жүрген сарбаздар бар. Солардың бірі – Түркістанда Отан алдындағы борышын өтеп жүрген 19 жастағы Серік Асхатұлы. Жас ақын осы уақытқа дейін 200-ге жуық өлең жазып, жеке жыр жинағын қалыптастырып үлгерген. Саптағы сарбаздың сырлы әлеміне тілшіміз де үңіліп көрді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Серіктің өлеңге деген ықыласы бала күнінен басталған. Содан бері көңілге түйгенін қағазға түсіріп, сезімін жырға айналдырып келеді. Әуелде баянсыз махаббатты арқау еткен өлеңдері уақыт өте келе жаңа мазмұнмен толыға түскен. Ал әскери қызметке келгеннен бері Отанға деген сүйіспеншілік шығармашылығының негізгі тақырыптарының біріне айналған.

«Осында келсем, өз өнерімді кідіртіп аламын деп ойладым. Керісінше, қасымда елім десе еңіреп, етігімен су кешіп, отқа түсуге дайын жігіттер жүр. Солармен бірге өзімнің азаматтық борышымды атқарып, киелі Түркістандай жерде шабыт жинап, өнерімді одан әрі дамытамын деп ойлаймын», – деді ҚР Ұлттық ұланының 5574 әскери бөлімінің сарбазы Серік Асхатұлы.

Серік шығармашылыққа қаншалықты жақын болса, әскери қызметке де соншалықты жауапты. Бүгінде жас сарбаз Түркістан қаласында патрульдік қызмет атқарып, қоғамдық тәртіпті күзетеді. Оның әскери дайындығы мен қызмет барысындағы жауапкершілігін басшылық та ерекше атап өтті.

«Қызмет барысында өзін тәртіпті, жауапкершілігі жоғары сарбаз ретінде көрсетіп келеді. Әскери міндеттерін тиісті деңгейде орындап, басшылық тарапынан оң бағасын алуда. Біз осындай талантты сарбаздардың қабілетін әрдайым қолдауға дайынбыз. Алдағы уақытта Серіктің шығармашылық бағытта да жаңа жетістіктерге жететініне сенім білдіреміз», – деді ҚР Ұлттық ұланы 5574 әскери бөлімі командирінің орынбасары Фахритдин Абдрахманов.

Түркістандағы Ұлттық ұлан сапында 330-ға жуық сарбаз әскери борышын өтеп жүр. Бөлім басшылығының айтуынша, қатаң тәртіп пен күнделікті қызмет жауынгерлердің білімін жетілдіріп, шығармашылықпен айналысуына кедергі келтірмейді.

Лаура Бабас, Алматы телеарнасы. Түркістан облысынан.