Қонақтар: Орталық Азия мен басқа елдерден жиналған 700-ден аса өнер туындысы көрмеге қойылды

20.01.2026 20:38

Мұражайда әйгілі мүсінші Ричард Серра туындысы және әлемге танымал суретшілердің жұмысы көрермен назарына ұсылды

Алматыда қазақ халқының қонақжайлылығы, рухы мен көшпелі өмір салтының көрінісін бір жерге тоғыстырған көрме өтіп жатыр. «Қонақтар» деп аталатын залда заманауи суретшілердің еңбектері қамтылып, 1940 жылдардан басталатын кезең көрсетілген. Орталық Азия мен басқа елдерден жинақталған 700-ден аса өнер туынды қойылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Қонақтар» көрмесінде жергілікті суретшілердің өнерімен қоса, әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген туындылар бар. Өнер сүйер қауымға жұмыстарды көру үшін Ресейге, Францияға немесе өзге елге барудың керегі жоқ. Қазақстандықтар небәрі 2 мың теңге төлеп, туындыны таңнан кешке дейін тамашалай алады.

«Біріншіден, бұл – әдемі жер. Ричард Серраны көру үшін адамдар көбінесе

ең жақыны Испанияға барады. Ал билетке миллиондап ақша жұмсаудың керегі жоқ. Музейде жастарға түрлі жұмыстың бар екенін көрсете аламыз», – деді Almaty museum of arts мұражайы коммуникация бөлімінің жетекшісі Адиса Кин

Маманның сөзінше, көрмеде бүгінде 700-ден астам өнер туындысы бар. Әр үш ай сайын ондағы экспозициялар жаңартылып, қонақтарға жаңа шығармалар таныстырылады. Мұражайда  «Ұлы Дала» залы, әйгілі мүсінші Ричард Серра туындысы және Яйои Кусама, Билл Виола және Ансельм Кифер секілді әлемге танымал суретшілердің жұмысы қойылған.

«Өте керемет. Алматы қаласының, қазақ даласының тарихын жақсы көрсетіп берген. Менің ойымша, шетелден келген адамдар үшін мәдениетімізді, тарихымызды көрсеткенге таптырмас орын – музей», – деді  қала тұрғыны Аяла Шахсұлтан.

«Интернет желісінен көріп, келдім. Өте керемет суреттер, жазбалар. Әдемі әсер қалдырды. Себебі, қоғамдағы ерекше бейнелерді көрсетеді Музей маған ұнады», – деді Түркістан облысының тұрғыны Диана Мұхтар.

Мұражай ұжымының сөзінше, өнер ордасы ашылған бастапқы 1-2 айда келушілер саны күніне 6500-ден асқан. Қазір музей тұрақты түрде 2000- ға жуық адамды қабылдайды.

Диана Тұрлыбек, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Еріп кетеді: алматылық оқушы қоршаған ортаға зияны жоқ биопакет ойлап тапты