Қос палата депутаттары Алатау қаласына қатысты заңды қабылдады

Құжатқа сай, шаһар толыққанды «Smart City» ретінде дамитын болады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қос палата депутаттары Алатау қаласына қатысты Конституциялық заңды қабылдап, Президентке қол қоюға жіберді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Құжатқа сай, шаһар толыққанды «Smart City» ретінде дамитын болады. Ол дербес басқарушылық, қаржылық және институционалдық ерекше режимі бар қала ретінде қалыптасады. Алатауды әкім басқармайды. Ол Үкімет құрамына кірмейтін, бірақ Премьер-министр төрағалық ететін кеңеске есеп беретін мемлекеттік орган ретінде құрылады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген Конституциялық заң Алатау қаласын дамытудың арнайы құқықтық негізін қалыптастырып, елімізде бұрын қолданылмаған тәсілдерді қамтиды. Бұл бастама қала алдында жаңа мүмкіндіктерді ашып отыр. Әрине, олар Алатаудың дамуына, жаңа деңгейге шығуына ықпал ететіндігі сөзсіз», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев.

Үкімет пен Жоғары аудиторлық палата жыл сайын Парламентке Алатау бюджетінің орындалуы туралы баяндап отырады. Сондай-ақ әкімшілік бюджет пен қаланың жылдық даму есебі интернет-ресурстарда жарияланады. Шаһардың жергілікті бюджеті салықтардан және Алматы облысының қаржысынан берілетін трансферттер есебінен қалыптастырылады. Аталған өңірден сайланған депутат Жанарбек Әшімжан жаңа қалаға берілетін қаржылық көмек облыс бюджетіне әсер етпейді деп отыр.

«Ол жергілікті атқарушы билікке, әкімдікке, сол жердегі азаматтардың айлығына, инфрақұрылымды ұстап тұру үшін қажет.Ал негізінен қалаға қаржыны инвестициялық жобалар құяды. Ал бұл бюджетке қосымша салмақ түсірмейді. Қазірдің өзіңде Алатау қаласында 52 штат бар. Инфрақұрылым әлі толық қалыптасқан жоқ. Әкімдіктің жартысы Жетіген ауылында. Жартысы Қоянқұста. Сөйтіп шашыраңқы болып тұр», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда халық денсаулығын қорғауға арналған Saqbol онлайн-картасы әзірленді

Новости партнеров