Алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды
Қостанай облысында интернет алаяқтық бойынша ірі іс тергеліп жатыр. Алаяқтар кәсіпкердің 24 миллион теңгесін алдап алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, жәбірленушіге белгісіз біреулер қоңырау шалып, өздерін салық қызметкері етіп таныстырған. Олар қате толтырылған есеп туралы жалған хабар беріп, enbek.kz порталынан келетін SMS-кодты жіберуді сұраған.
Бірнеше минуттан кейін екінші қоңырау соғылып, алаяқтар бұл жолы өздерін полиция қызметкеріміз деп сендірген. Алаяқтар кәсіпкердің атынан несие алып, ақшаны шоттарға аудару арқылы тергеуге көмектесуді ұсынады.
Психологиялық қысымға ұшыраған кәсіпкер бірнеше несие алып, алаяқтар көрсеткен есепшоттарға 24 миллион теңге аударған.
Алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері ұрланған қаражат аударылған шоттардың иелерін анықтады. Олар Қазақстанның бірнеше өңірі мен көршілес елдерде орналасқан.
Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында бюджетке 1 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды