Қостанайда балалар үйінің тәрбиеленушісі Тобыл өзеніне батып кетті

14.07.2026 19:50

Марқұм осыдан аз уақыт бұрын ғана «Қауіпсіз жаз» атты баспасөз турына қатысқан

14 жастағы балалар үйінің тәрбиеленушісі Тобыл өзеніне батып кетті. Қайғылы оқиға Қостанайда балық аулау кезінде болған. Қасындағы достары оны құтқаруға тырысқанымен, баланы аман алып қалу мүмкін болмапты. Аталған жағдай бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Жасөспірімдер неге суға түсуге тыйым салынған аумаққа барған және биыл су айдындарында қанша адам жауапқа тартылды? Аlmaty.tv тілшісі тарқатады.

Бұл аумақтың қауіпті екенін бірден байқауға болады. Тобыл өзенінің бұл бөлігінде ағыс қатты, түбі ойлы-қырлы. Су терең болмағанымен, ағыс адамды оп-оңай алып кетуі мүмкін. Кешкі уақытта дәл осы жерге «Жанұя» балалар үйінің бір топ тәрбиеленушісі балық аулауға келген. Алдын ала мәлімет бойынша, 14 жастағы жасөспірім шатасып қалған қармақ жібін босату үшін суға түскен. Алайда аяғы тайып, өзен ағысы алып кеткен.

«Қасында болған достары оны құтқаруға және алғашқы көмек көрсетуге әрекет еткен. Алайда қолдан келген барлық амалға қарамастан, жасөспірімді құтқарып қалу мүмкін болмаған. Жедел-құтқару жасағының сүңгуірлері жүргізген іздестіру жұмыстары барысында марқұмның денесі су түбінен табылып, жағаға шығарылды. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалды», – деді Қостанай облыстық ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бас маманы Инеш Кәкімова.

Марқұм осыдан аз уақыт бұрын ғана «Қауіпсіз жаз» атты баспасөз турына қатысқан. Ол кезде балаларға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, алғашқы көмек көрсету тәсілдері үйретілген. Алайда қайғылы оқиға болған күні жасөспірімдер суға түсуге тыйым салынған белгі орнатылған жерден шамамен 150 метр қашықтықта балық аулаған.

«Аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жан-жақты және объективті тергеу жүргізіліп жатыр», – деді Қостанай облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Аманжол Байзақов.

Білім басқармасы әзірге бұл оқиғаға қатысты пікір білдірген жоқ.

Айта кетейік, осыдан алты жыл бұрын дәл осы балалар үйінің тағы бір тәрбиеленушісі жабдықталмаған жағажайда суға батып кеткен еді. Ол кезде балалардың жанында тәрбиеші болғанымен, жасөспірімді аман алып қалу мүмкін болмаған.

Ал құтқарушылардың айтуынша, су айдындарындағы рейдтік шаралар күн сайын жалғасып жатыр. Биылдың өзінде тыйым салынған жерлерде шомылғаны үшін 188 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде балаларын су жағасына жіберген 97 ата-ана жауапқа тартылған.

Айжан Дайрабай, Елисея Томашевская, Мақсат Күнібек, "Алматы" телеарнасы, Қостанай

Оқи отырыңыз: Атырауда төрт адамның өліміне қатысты іс бойынша үкім жарияланды