Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына бас бостандығынан айырылды
Атырау облысы Жангелдин ауылында 4 адамды айуандықпен өлтірген Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына бас бостандығынан айырылды. 29 жастағы сотталушы мал ұрлау, алаяқтық, құжаттарды заңсыз иемдену және қылмысты жасыру баптары бойынша да кінәлі деп танылды. Сондай-ақ, ол жәбірленуші тарапқа моральдық шығын ретінде 40 млн теңге төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Бүтін бір отбасының өліміне қатысты қылмыстық іске сот нүкте қойды. Екі айға созылған ашық сот процесінің қорытындысында Сұлтан Сәрсемәлиев төрт адамды аса қатыгездікпен өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол алдымен қайын ағасын жер жастандырып, мәйітін үйдің іргесіне жасырған. Бірнеше ай бойы марқұмның телефоны арқылы туыстарымен хат алмасып, оның қаза болғанын ешкімге айтпай келген. Судья 29 жастағы сотталушының барлық қылмыстық әрекетін саналы түрде жасап, алдын ала жоспарлағанын да айтты.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 4-бөлігіне сәйкес, қылмыстардың жиынтығы бойынша Сұлтан Самиғоллаұлы Сәрсемәлиевке түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жаза өтеу орны ретінде Сұлтан Самиғоллаұлы Сәрсемәлиевке қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемесі белгіленсін», – деді судья Зарема Хамидуллина.
Сот залында отырған жәбірленуші тарап бұрынғы күйеу баласының әділ жаза алғанын жеткізді. Енді олар бауыры Ақбаян Мұқанғалиеваның емделіп, ұл-қыздарына аман-есен оралуын тілеп отыр.
«Үкімге әділ жаза берілді деп айтамын. Хамидуллинаға рақмет айтамын. Әділ жазасын алды деп ойлаймын. Алдағы уақытта енді Ақбаянның ісімен айналысамын, басқа не істеймін. Балалардың шешесін емдетіп, заң жүзінде балалар шешесіне тиесілі ғой», – деді марқұмдардың туысы Әдемі Мұқанғалиева.
Сотталушы жәбірленуші тарапқа 40 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Сондай-ақ, марқұмдардың атынан заңсыз алып келген зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді мемлекетке қайтарады.
Еске сала кетейік, Сұлтан Сәрсемәлиев ауыр қылмыстарды былтыр мамыр және қараша айларында жасаған. Ол әйелінің әке-шешесі мен қос бауырын өлтіріп, олардың құжаттарын, банк карталарын, ұялы телефондарын және қолма-қол ақшасын алып, қашып кеткен. Күдікті биыл жылдың басында Индонезияда ұсталды. Ал бұрынғы әйелінің қылмысқа еш қатысы жоқ екені анықталды. Ол қазір ем қабылдап жатыр. Бес баласы мемлекет қамқорлығында.
Жұлдыз Қайратқызы, "Алматы" телеарнасы, Атырау облысынан
Оқи отырыңыз: Шымкентте аптап ыстық: тұрғындарға ескерту жасалды