Ет комбинатының директоры бастаған топқа кәсіпорын қызметкерлері, шаруа қожалықтарының басшылары және әкімдік өкілдері кірген
Қостанайда мал шаруашылығына бөлінген 2 жарым млрд теңгеден аса субсидияны жымқырған 30 адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ет комбинатының директоры бастаған топқа кәсіпорын қызметкерлері, шаруа қожалықтарының басшылары және әкімдік өкілдері кірген. Олар мемлекеттен ауыл шаруашылығын қолдауға бөлінетін субсидияларды заңсыз алу үшін жалған құжаттар жасаған. Яғни, шын мәнінде өндірілмеген немесе өткізілмеген өнімдер қағаз жүзінде көрсетіліп, сол арқылы бюджет қаржысы қолды болған. Сотталушыларға салық төлеуден жалтару, ұйымдасқан топ құру, оған басшылық ету және қатысу, бұзақылық, билік өкіліне күш қолдану, аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқыру, қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру, заңсыз кәсіпкерлік, пара алу және беру, ветеринариялық анықтамаларды қолдан жасау және өзге де қылмыстық құқық бұзу баптары бойынша айып тағылды. Сот күдіктілерге 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Кейбірінің кәмелетке толмаған балалары барын және кінәсін мойындағанын ескеріп, жазасын шартты мерзімге ауыстырды.
«Басты фигурантқа түпкілікті 14 жылға бас бостандығынан айыру, 10 жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыру және мемлекеттік қызметте өмір бойына жұмыс істеуге тыйым салу жазасы тағайындалды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ», - деді № 2 сотының судьясы Мерей Аманжолов.
Оқи отырыңыз: Шымкентте әкімдіктің лауазымды қызметкері айыппұл арқалады