Қостанайда «Qaz Talks» алаңында Президент Жолдауының басым бағыттары түсіндірілді
Іс-шарада еңбек адамдарының мәртебесі мен жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуына да ерекше назар аударылды
Қостанай қаласындағы Жастар сарайында Қазақстан Республикасы Президентінің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауына арналған «Qaz Talks» диалог алаңы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, кәсіподақтар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, мәдениет пен спорт, жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Диалог алаңының спикерлері қатарында Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Екатерина Смышляева, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Төлеген Күнәділов пен Рафаил Гаджибалаев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Илья Скуб болды.
Кездесу барысында Жолдаудың негізгі бағыттары түсіндіріліп, реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету, экономиканы дамыту, әлеуметтік саясатты жетілдіру, азаматтық қоғамның рөлін арттыру және этносаралық келісімді нығайту мәселелері бойынша ақпарат берілді.
Алғашқы болып сөз алған Екатерина Смышляева елдегі ауқымды өзгерістерді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Ол стратегиялық міндеттерді іске асыруда заманауи талаптарға сай келетін берік құқықтық негіз қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Төлеген Күнәділов азаматтық қоғамның реформаларды іске асыруға қатысуы, инфрақұрылымды жаңғырту және әлеуметтік әділеттілік бағыттарын түсіндірді. Оның айтуынша, «Халықтық құрылыс» бастамасы аясында жүзеге асырылатын жобалар халықтың нақты қажеттіліктеріне бағытталуы тиіс. Осы ретте құрылыс сапасына, бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуына және жобалардың уақытылы орындалуына қоғамдық бақылау жүргізудің маңызы ерекше. Сондай-ақ отандық өндірушілерді қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік жауапкершілікті қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударылды.
Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағнаев Жолдауда көзделген экономиканың тұрақты өсуі, кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту және өңірлердің экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану бағыттарын түсіндірді. Экономикалық өсімнің халық табысының артуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өмір сүру сапасының жақсаруына ықпал етуі маңызды екені айтылды.
Еңбек адамдарының мәртебесі мен жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуына да ерекше назар аударылды. Бұл жөнінде «Қостанай облысы орман шаруашылығы кәсіпорындары қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрағасы, орман шебері Максим Макрушин өз пікірін білдірді:
«Әрбір қызметкер үшін еңбегінің лайықты бағалануы, жалақысының жеткілікті болуы және қауіпсіз еңбек жағдайларының қамтамасыз етілуі маңызды. Сондықтан өндірісті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және азаматтардың әлеуметтік қорғалуын арттыруға бағытталған бастамалардың маңызы зор. Бұл өзгерістер тек жоспарлар мен бағдарламалар деңгейінде қалып қоймай, әрбір отбасының күнделікті өмірінен көрініс табуы қажет», – деді Максим Макрушин.
Әлеуметтік саясат мәселелеріне тоқталған Илья Скуб мемлекеттік қолдаудың атаулылығын арттыру, әлеуметтік осал топтарды қорғау және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету бағыттарын түсіндірді.
Ал Рафаил Гаджибалаев қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайту мәселелеріне назар аударды. Ол этномәдени бірлестіктердің қоғамдағы бірлік пен өзара құрметті қалыптастырудағы маңызды рөлін атап өтті.
Іс-шара соңында қатысушылар спикерлерге сұрақтар қойып, Жолдаудың негізгі бағыттары бойынша қосымша ақпараттар алды.
Кездесу барысында белгіленген міндеттерді іске асыруда мемлекеттік органдармен қатар қоғамдық институттардың, бизнес өкілдерінің және азаматтардың да белсенді қатысуы маңызды екені атап өтілді. Негізгі мақсат – реформалардың нақты нәтижесін қамтамасыз ету, өңірлердің әлеуетін арттыру және халықтың әл-ауқатын жақсарту.
«Qaz Talks» диалог алаңы Жолдаудың басым бағыттарын кеңінен түсіндіруге, қоғам өкілдерінің сұрақтарына жауап беруге және мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік берді.
Оқи отырыңыз: Ең төменгі жалақыны арттыру отандық өндірісті дамытумен қатар жүруі тиіс - алматылық сарапшы