Кәріз құбыры жарылған: Шымкенттегі өлген балықтар жағалауға жиналып қалды

04.02.2026 20:48

Қала тұрғындары қырылған балықтардың сауда орындарында сатылуы мүмкін деп алаңдап отыр

Шымкенттегі Бадам өзенінің балықтары да жаппай қырылып жатыр. Бұл жағдай қала тұрғындары мен экобелсенділерді алаңдатып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бадам өзеніндегі жағдай көңіл көншітпейді. Өлген балықтар жағалауға жиналып, кейбірі су бетінде қалқып жүр. Бұл көріністі ең алдымен жергілікті тұрғындар байқапты.

Жағдай экобелсенділерді алаңдатпай қоймады. Олар мұндай оқиғаның осыдан 5 жыл бұрын да болғанын айтады. Алайда бұл жолы қырылған балық саны әлдеқайда көп. Белсенділер мұны өңірдің экологиялық жағдайына кері әсері болуы мүмкін деп отыр.

«Бұл жағдай өзенге улы химиялық заттардың төгілуінен болуы мүмкін. Кесірінен мұндағы балық қана емес, бүкіл тірі ағза жойылып жатыр. Алдағы уақытта оның салдары міндетті түрде сезіледі. Себебі бұл сумен құстар, жәндіктер, өрмекшілер де қоректенеді. Яғни, бұлай жалғаса берсе тұтас бір микрожүйе жойылады», – деді экобелсенді Сергей Ефремов 

Ал жауаптылар бұл жағдайға кәріз құбырының жарылуы себеп болғанын айтты. Апат салдарынан өзенге лас ағынды сулар құйылған. Қазір мамандар сынама алып, зерттеу жүргізіп жатыр. Тексеру аяқталған соң, кінәлілер заң аясында жауапқа тартылады.

«Бадам өзенінің жоғары жағынан бүкіл индустралды аймақтардан шығатын канализациялық сулар ағатын құбыр жарылып, апат болды. Сарқынды сулар Бадам өзеніне түскен. Қазір қалпына келтіріліп, тоқтатылды», – деді қалалық Экология департаментінің басшысы Ермахан Қозыбаев.

Кейбір қала тұрғындары қырылған балықтардың сауда орындарында сатылуы мүмкін деп алаңдап отыр. Алайда мамандар мұндай жағдайдың болуы екі талай екенін жеткізді. Дегенмен олар балықты сатып аларда өнімнің құжатын тексеруге кеңес береді.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Атырау облысында жылқылар жаппай қырылып жатыр