Шенеуніктер тұрғын үйдегі мәселені білмейді
Атырау іргесіндегі Балықшы ықшамауданының тұрғындары кәріз суына белшесінен батып отыр. Сасық су жер-жерге тарап, жұрт үйлеріне кіре алмай әлек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Халық «мұнайдың үстінде отырып, жағдайымыз бір оңалмады» тайлы-тұяғы қалмай жиналды. Олар іргетасы жарты жыл бұрын қаланған баспананың бұзылуын талап етеді. Кәріз жүйелері қайта-қайта жарылып, нәжіс суы бүкіл дәлізге тараған. Амалсыз жұрт пәтерге кіру үшін тақтай төсеп, жол жасап қойған. Сасық иістен тыныс алуымыз қиындады деген ағайын ауаға түрлі вирус тарай ма деп алаңдайды.
«Тоқтың бәрі істен шыққан. Қабырға жарылып жатыр. Су барлық жерге жайылып жатыр. Көпшілік пәтер жалдап тұрады», – деді қала тұрғыны Әсел Теміреш
«Кәріз суы, тыныс алу мүмкін емес. Үй іші көктеп жатыр. Бірінші қабаттағы пәтерден бастап тобықтан келетін су кешіп жүрміз. Ауру, инфекция тарап жатыр. Есік те жоқ», – деді қала тұрғыны Нұрлан Дахиев.
Тұрғындарды тұқыртқан тағы бір мәселе – электр желілерінің ашық жатқаны. Қауіп төндірген тоқтың кесірінен бірнеше рет оқыс жағдай болған. Үреймен өмір сүріп жатқан ел, тіпті тұрғын үй терможаңғыртуға келмейді, сол себепті сүру қажет дегенді алға тартты.
«Мен тұратын бесінші қабатта қайта-қайта ақау болады. Тоқ ашық жатыр. Қорқынышпен тұрып келеміз. Жаңбыр жауғанда қауіпті. Балалар түгіл ересек адамдар қорқады. Балалар ойнап, бақылаусыз қалады, уайымдаймыз», – деді қала тұрғыны Айман Өтеуова.
Бір қызығы шенеуніктер кәріз суына батқан үйдің барын да білмейді. Бірақ бұқара базынасын шешу үшін алдымен комиссия құрылып, тексеру жүргізбек. Білек сыбана жұмысқа кірісеміз деп сендірді.
«Апатты екенін тану үшін комиссия құрылуы тиіс. Ол үшін үйдің тұрғындары атынан ұжымдық шағым түсіруі керек. Арыз жазған соң ғана тексеру жұмыстары жүргізілмек. Арыз 15 күн қаралады. Қала бойынша бұзылуы тиіс үй көп. Қаражат қарастырылған соң барлығы сүріледі», – деді ТҮКШ тұрғын үй инспекциясының бас маманы Елтай Айбатов.
Алайда, көпті атқамінерлердің бұл сөзі қанағаттандырмайды. Мәселенің қанша уақытта шешілетіні де әзірге белгісіз.
Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан
Оқи отырыңыз: Шерзаттың ісі: Гүлбара Бишембиева сотқа қайта шақырылады