Олар ұстанымын қорғап, ортақ шешім қабылдау және келіссөз жүргізу дағдысын көрсетті
Алматы облысында оқушыларға кәсіби бағдар беруге бағытталған конференция өтті. Бағдарлама аясында қатысушылар БҰҰ-ның делегаттары ретінде пікірталас жүргізді, деп хабарлайды Almaty.tv
Олар ұстанымын қорғап, ортақ шешім қабылдау және келіссөз жүргізу дағдысын көрсетті. Басқосуда жастардың жаһандық ойын дамыту, көшбасшылық қабілетін шыңдау сияқты мәселелер қамтылды. Іс-шара шеңберінде «Келешек» парады ұйымдастырылып, кадет, құқық, медицина, медиа, агро және IT-инженерлік бағыттағы кәсіби даярлық сыныптары таныстырылды. Қатысушылар саптық дайындық, алғашқы көмек көрсету, оқиға орнынан тікелей қосылу, репортаж жасау және технологиялық шешімдер ұсыну бойынша практикалық машықтарын көрсетті. Ал кадет сыныптарының дәстүрлі лейтенанттар вальсі конференцияның салтанатты бөлігін айшықтай түсті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шара жасөспірімдердің қабілетін ерте байқап, болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына мүмкіндік береді.
«Конференцияға Ресейден институт басшысының орынбасары, содан кейін Москва қаласында IT-инженерлік сыныптарға жауап беретін куратор және оқытушылар келді. Балалардың рухын көтеру үшін, ертеңге деген сенімін нығайту үшін және де қызығушылығын арттыру үшін үймдастырылды», – деді В. Г. Белинский атындағы орта мектеп-гимназиясының директоры Тұрсын Сайбұрова.
«Бағдарлама Вена балы форматында өтіп жатыр. Іс-шара аясында қатысушылар екі күндік жұмыстың нәтижесін түйіндеп, қорытынды резолюцияға қол қояды. Мұндай іс-шаралардың маңызы зор. Себебі әр қатысушы өзіне құнды тәжірибе жинайды, ал сол тәжірибені бөлісу және кеңінен тарату үшін осындай кездесулер қажет», – деді Мәскеу қалалық педагогикалық университеті кәсіпалды даярлық институты басшысының орынбасары Елена Кузнецова.
Оқи отырыңыз: Елімізде алдағы күндері ауа райы қандай болады