Кәсіби мерекеде 10 жастағы құтқарушы марапатталды

Қызылордалық құтқарушылар биыл 300-ден астам адамның өмірін құтқарып қалған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қызылордалық құтқарушылар биыл 300-ден астам адамның өмірін құтқарып қалған. Бейбіт күннің батырларының арасында бесінші сынып оқушысы да төбе көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алдымен жиынға қатысушылар қызмет бабында қаза тапқан  әріптестерін еске алып, «Отқа оранған өрендер» атты мемориалды ескерткішке гүл шоғын қойды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы құтқарушыларды төл мерекесімен құттықтады. Кәсіби күнде қызметтік міндетін мінсіз орындап, жоғары нәтижелерге жеткен  бірқатар қызметкер ведомстволық наградалармен де марапатталды. Сонымен қатар азаматтық қорғау органдарының арнаулы әскери шендері тапсырылды.

"Төтенше жағдайлар министрлігінің бұйрығымен «Азаматтық қорғау подполковнигі» шенін мерзімінен бұрын алып жатырмын. Барша құтқарушыларды кәсіби мерекемен құттықтаймын! Министрлік, облыс басшылығына еңбегімді елеп-ескергені үшін алғыс білдіремін!" – деді Сырдария аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Қанат Шарафадинұлы.

Ал бесінші сынып оқушысы Айсұлтан Хұсайын  «суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды. Он жастағы батыр жаз уақытында бассейнге батып бара жатқан 2 жастағы бүлдіршінді құтқарып қалған.

"Марапатты маған  баланы судан құтқарғаным үшін берді. Бұл – 2024 жылы шілдеде  болған оқиға. Қуаныштымын, құтқарушылар күні құтты болсын!" – деді оқушы Айсұлтан Хұсайын.

Айта кетейік, аймақ құтқарушылары 9 айда 2000-ға жуық авариялық құтқару жұмыстарына жұмылдырылған. Нәтижесінде 323 адам аман қалып, тағы 201 азаматқа дер кезінде медициналық көмек көрсетілген.

"Көктемде Қостанай, Ақтөбе, Орал және Атырау облыстарында су тасқыны болды. Өңірден 104 қызметкер көмек қолын созуға аттанды. Материалдық базамыз толыққанды жабдықталған", – деді Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Түйменов.

Құтқарушы болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қауіпті қызметтегілер кез келген тосын жағдайдың алдын алып, зардабын жоюға күш жұмсайды. Апатқа ұшырағандарды құтқарып, алғашқы жәрдем көрсетеді. Қауіпті әрі қауырт қызметте жүрген бүгінгінің батырлары мерейлі мезетте де тыным көрмей, азаматтарды аман алып қалуға асықты.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз: Маман тапшы: орман шаруашылығындағы мәселе қалай шешіліпп жатыр

Новости партнеров