Кәсіби отбасы институты: бала асырап алу үшін қандай тәртіп енгізіледі

06.11.2024 19:16

Заң жобасы қабылданса, жаңа норманың заңды күшіне енуіне 6 ай уақыт керек

Almaty.tv

 

Елімізде жетім балаларды қабылдайтын кәсіби отбасы институты енгізіледі. Тұрмыстық қиын жағдайда қалған ұл-қызды асырап алуға ниеттілер белгілі бір тәртіппен таңдалмақ, деп қабылдайды Almaty.tv тілшісі.

Тастандылардың тағдыры – бүгінгі қоғамды толғандырып тұрған сан сауалдың бірі. Ресми мәліметке сүйенсек, елде баланы асырап аламыз деп алып, артынша қайтып әкеліп тастайтындар жиілепті. Оқу-ағарту министрлігіндегілер «ана мен әкенің жылуын көрмей өскен көзі жәудір, көңілі пәс ұл мен қыздың келешегіне немқұрайлылық болмауы керек» деді. Ол үшін мұндай қадамға бел буған отбасы арнайы дайындықтан өтуге міндеттеледі.

"Балаларының болу, болмауына байланысты шектеу жоқ. Баласы бар, қосымша төртінші баланы асырап алуы мүмкін. Жас ерекшеліктеріне байланысты шектеу бар. 30-63 жасқа дейін тәрбиелеушілер немесе ата-ана болуы керек", – деді ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.

Түзілген талаптың тағы бірі – денсаулық жағдайы. Асырап алушының алдымен баланы бағып-қағуға мүмкіндігі толық жетуі керек. Бұрын сотты болмағаны, туыстарымен де қарым-қатынасы ескеріледі. Министрлік өкілі  Ақмола облысында осындай 4 кәсіби отбасы ұйымының жұмыс істеп жатқанын айтты. Жаңа бастама елдің барлық аймағында іске асырылмақ.

"Баланы қабылдайтын кәсіби отбасылар институтын енгізу кезінде тиісті жаңа тәсілдер әзірленді. Балалар анықталғаннан кейін, балалалар үйіне емес, бірден отбасыларға табысталады. Әрбір бала ата-ананың назарымен және қамқорлығымен қамтылуы үшін бір кәсіби отбасында балалар саны 4-тен аспайды. Баланы қабылдайтын кәсіби отбасы мәртебесін алуға үміткер отбасылар психологиялық даярлықтан өтеді", – деді ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев

Вице-министрдің сөзінше, заң жобасы әзірге ұсыныс күйінде. Құжат қабылданса, жаңа норманың заңды күшіне енуіне 6 ай уақыт керек. Жергілікті әкімдіктер осы аралықта заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес, қабылдаушы отбасыларды дайындайды. Осылайша бастама кезең-кезеңімен іске асырылмақ.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы,  Астана

​​​​​​Оқи отырыңыз: Жетісу жұрты тұзды су ішуге мәжбүр